Екібастұзда «Шахтер» стадионы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өзгереді
Трибуналар қолжетімді етіп жасалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұзда болып, кеншілер қаласындағы бірнеше нысанды аралап өтті.
– Биыл мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «Шахтер» стадионының трибуналарының қолжетімділігін жақсарту бойынша жұмыстар жоспарланған. Сол жерде спорт алаңының жұмысындағы кішігірім, бірақ та, өте маңызды өзгерістерді талқыладық,– деді аймақ басшысы.
Одан кейін Асайын Байханов «Жасыбай» спорт кешенінде футболдан облыстағы екінші балалар қыздар командасының ата-аналарымен кездесті.
– Бұған дейін маған республикалық команданың құрамына кірген бірнеше қатысушының аналары жергілікті командаға қолдау білдіру үшін жүгінген болатын. Әрине, біз жас дарындардың өз әлеуетін іске асыруға, оның ішінде өңірдің демеушілерін тартуға көмектесеміз,– деп атап өтті ол.
Әрі қарай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынып жатқан балалар шығармашылық сарайы - қаладағы жаңа нысанның құрылыс барысымен танысты. Пайдалануға берілгеннен кейін ол жерде 15 мыңнан астам бала шығармашылықпен айналысып, бос уақыттарын өткізетін болады.
Бүгінде төрт қабатты ғимараттың екінші қабаты салынуда. Нысанды жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарлануда. Асайын Байханов қала әкімдігіне барлық жұмыстардың барысын бақылауды тапсырды.