BAYANAUYL FEST: Концертке бару үшін арнайы автобус маршруты ұйымдастырылады

BAYANAUYL FEST: Концертке бару үшін арнайы автобус маршруты ұйымдастырылады
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Мерекеге келушілер үшін қолайлы жағдай жасалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

18 шілде күні Жасыбай көлінің жағалауында BAYANAUYL FEST өтеді. Іс-шара сағат 12:00-де басталып, өңір тұрғындары мен қонақтарына ойын-сауыққа толы күн сыйлайды.

Бағдарлама аясында көбік кеші, бояулар шоуы, концерт, түрлі байқаулар, ойындар және көптеген сыйлықтар қарастырылған.

Кешкі сағат 19:00-де Сабындыкөл жағалауында «BAYANAUYL FEST» концерті басталады. Қонақтардың қолайлылығы үшін сағат 18:00-ден бастап ауыл ішінде арнайы бағытпен екі автобус қатынайды.

Маршрут Ш. Айманов мектеп-интернаты, Шанин, Айдабол, Ш. Шокин мектебі, «Абай» дүкені, «Айжан» дүкені, Туберкулезбен ауыратын науқастарды қалпына келтіру және оңалту орталығы (қарама-қарсы беті), Водстрой, Қызылтау, «Аманат», Ж. Мұса, З. Ақышев (артқы жағы), Ағайындылар, Ференгер, Стелла, Айтпақұлы көшесі, Шонай және «Жолаушы» соңғы аялдамасын қамтиды.

Концерт пен би кеші аяқталғаннан кейін автобустар жолаушыларды осы бағытпен кері жеткізеді. Ұйымдастырушылар тұрғындарды қоғамдық көлікті пайдалану кезінде белгіленген тәртіпті сақтап, жүргізушілердің нұсқауларын орындауға шақырды.