Ақтоғайда еңбек өтілі жарты ғасырдан асатын механизаторлар әулеті тұрады
Хамитовтар әулеті Жамбыл ауылында шаруа қожалығын жылдан-жылға дамытуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қожамжар ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылында 40 үй бар. Олардың бірінде ата-анасының ісін жалғастырып, өнерін, еңбекке деген сүйіспеншілігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп жатқан Хамитовтар жанұясы тұрады. Отағасы Самат Хамитов 1963 жылы ауыл шаруашылығы орта кәсіптік-техникалық училищесін бітіргеннен кейін «Рассвет» кеңшарында механизатор, 1993-2018 жылдары «Мұрагер» шаруа қожалығын ашып, механизатор болып жұмыс істеді. Оның ісін ұлдары – Есен, Дәурен, Мәулен және немересі Асылжан жалғастырды. Үлкен ұлы Есен Хамитовтың еңбек өтілі – 29 жыл. Ол «Мұрагер» шаруа қожалығында механизатор болып істеген. 2018 жылда өзінің «Асылжан» шаруа қожалығын ашты. Шаруа басшысы 200 қой, 100-ге жуық жылқы, 80-ге жуық қара мал ұстайды.
– Ауыл деген өзіңе ыстық қой. Бала кезімізден әкеміздің жанында жүрдік. Төрт інім бар. Қазір олар жан-жақта, қалада. Мен өзім ауылда қалайын деп шештім. Істі бастағанда білмеген нәрсені әкемізден сұраймыз, – дейді Есен Хамитов.
Ол мар шаруашылығымен айналысу оңай іс емес екенін айтады. Шаруалар үкіметтен субсидия алып, техникасын жаңғыртады. Қырда мал бағу үшін 1500 гектар жер және тоғайда шабындық жер бар.
– Малшының бос уақыты болмайды. Техника меңгеру оңай емес. Оны жөндеу жұмыстары, шабындық кезінде қаншама бейнет болады. Бірақ отбасымызбен жүргесін ыңғайын білеміз. Қазір ұлдарым да өздері істеп, жүре береді. Олар техниканы жақсы меңгерген. Шөпті өздері шауып, үйге тасып алады, – деді Есен Хамитов.
Механизаторлар әулеті Қожамжар ауылын дамытуға үлестерін қосуда. Олар мектептің шатырын жөндеуге атсалысқан. Қарттар күні, Наурыз және басқа да мереке, іс-шараларды ұйымдастыруға малмен, ақшамен де көмектесіп тұрады.
Оның ұлы Асылжан Самат Ақтоғай аграрлық-техникалық колледжінің «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығының 2-курс студенті. Атасының жолын қуып, ол да ауыл шаруашылығы саласына өз үлесін қосқысы келеді.
Ақтоғай аграрлық-техникалық колледжінің басшысы Октябрь Жұмайханның сөзінше, жыл сайын ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша 25-30 білім алушы қабылданады. Аталған мамандық бойынша оқу мерзімі екі жыл 10 айдан үш жыл 10 айға дейін оқиды.
– Әке көрген оқ жонар демекші, ата кәсібі мал шаруашылығы болған әулет үшін, қажетті мамандардың бірі – механизатор біліктілігін таңдады. Осы орайда ұлдарының әке жолын қууы, ата жолын немересі жалғастыруы заңдылық деп санаймын.
Оның пікірінше, мал шаруашылығымен айналысу барысында механизатордың рөлі маңызды.
– Қыстың суығына, жаздың ыстығына қарамай, сол малға азық-түлік дайындап, оны тасу қазіргі уақытта ерекше бағалауды және жыл сайын бұл үрдіс тоқтамай, қайталана беретіндіктен, қажырлы еңбекті талап етеді, – деді Октябрь Жұмайхан.
Асылжан Самат оқуын аяқтағаннан кейін «Асылжан» шаруа қожалығын дамыту қолға алады. Ол шаруаны үлкейтіп, қора салып, мал басын көбейтуді көздейді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram