Британдық басылым Дастан Сатпаевты әлемнің үздік жас футболшылары қатарына қосты

Британдық басылым Дастан Сатпаевты әлемнің үздік жас футболшылары қатарына қосты
Фото: @f.c.kairat

Басылым оны Чемпиондар лигасында көзге түскен, техникалық шеберлігі мен шешім қабылдау қабілеті жоғары талант ретінде сипаттады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі theguardian.com сайтына сілтеме жасай отырып.

Британдық беделді газет The Guardian өз дәстүрлі «Next Generation 2025» тізімін жариялады. Онда 2008 жылы туған әлемнің ең дарынды 60 жас футболшысы аталды. Бұл тізімге алғаш рет қазақстандық ойыншы – «Қайрат» клубының жартылай қорғаушысы Дастан Сатпаев енді.

– Дастан Сатпаев – осы маусымдағы Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне өткен қазақстандық «Қайрат» командасының ең жарқын жұлдызы. Оған 16 жасқа толуына үш ай қалғанда, 2024 жылдың мамыр айында Қазақстанның жоғары дивизионында дебют жасағаннан бері үміт зор болды – және ол ең маңызды сәттерде өзін ақтады, – деді британдық басылымда.

Газетте атап өткендей, жас талант алғашқы іріктеу кезеңінде «Олимпия Любляна» қақпасына алғашқы голын соғып, кейін «КуПС Куопио» командасына қарсы кездесуде тағы бір маңызды доп енгізді. Сондай-ақ, «Слован Братиславамен» ойында (1:0) соңғы минуттарда шешуші пенальтиді дәл орындап, командасына жеңіс әкелді. Ал «Селтикке» қарсы екінші матчты дисквалификация себебінен өткізіп алғанымен, Сатпаев бүгінде Чемпиондар лигасының ең жас жұлдыздарының бірі атанып отыр.

«Челси» Сатпаевпен қаңтар айында €4 млн еуроға келісімшарт жасасқанына риза болуы керек, себебі оның құны айтарлықтай өседі деп күтілуде. Ол жылдамдықты және тамаша техникалық дағдыларды жасынан әлдеқайда асқан шешім қабылдау қабілетімен ұштастырады, – деді футбол сарапшысы Майкл Йохин.

Басылымда атап өткендей, Дастан Сатпаев 2026 жылдың тамыз айында «Стэмфорд Бриджге» (Челси стадионы) келгенде Премьер-Лигада өзінің ізін қалдыруға үміттенеді.