«Ертіс» пен «Ақсу»: кім қайда доп тебеді?
Әкім павлодарлықтар сүйікті командасын қашан көре алатыны туралы сауалға жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында сөйлеген облыс әкімі Асайын Байханов «Ертіс» футбол клубын қайта жаңғыру жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты. Айтуынша, қазіргі кезде қарыздарды өтеу процесі жүріп жатыр, олардың зор бөлігі футболшылар мен жаттықтырушылар алдындағы берешекке қатысты.
- Футболшылар мен жаттықтырушылармен аса күрделі келіссөздер жүргізілуде. Олардың бір бөлігі еуропалықтар – олар тікелей емес, заңгерлері арқылы байланысуда. Біз дисконттау, яғни қарыздарды 50-70 процентке азайтуды өтінудеміз. Онсыз футболшылар мен бапкерлер алдындағы қарыздар мүлде өтелмейді. Олар миллиард теңгеден асады. Бұл ФИФА талаптарының бірі, - деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі айтып өткендей, егер де шетелдіктер жеңілдік жасаса, халықаралық футбол федерациясы «Ертістің» барлық тарихы мен чемпиондықтарын сақтауға жол береді. Облыс басшылығы клубты жаңа заңды тұлға емес, бұрынғы команданың ізін басушы ретінде сақтағысы келеді.
- Команда қай дивизионда ойнайды деген мәселеге келсек, оның ауылы әлі алыс, - деді облыс басшысы. – Қарыздар мәселесін шешіп алайықшы, сосын осы сауалға да көшеміз. Спорттық принцип бойынша біз Екінші лигадан бастауымыз керек, дегенмен, кейбір атақты командаларға одан да жоғары лигаларда ойнауға мүмкіндік берілді. Көреміз.
«Ақсу» болса, аттас қала атынан шығатын болады. Осылай деп Асайын Байханов мәлімдеді. Аталмыш клуб биыл Премьер-лигадағы орнын жоғалтты.
Фото: Валерий Бугаев