Павлодарлық футболшылар QJ League жеңіспен бастады
«Ақсудың» 2007 және 2008 жылдары туған жасөспірімдері қызылордалық «Қайсарды» қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық жанкүйерлердің қуанышына орай қос команда да QJ League турнирінің бірінші турында жеңіске жете білді. 2008 жылғы команда қызылордалықтарды 4:1 есебімен ойсырата ұтса (Аңсар Сапарғазинов екі рет, Бейбарыс Әбілманов пен Алмас Рахымбек бір-бір голдан соқты), негізгі команда «қасқырларды» 2:1 есебімен тізе бүктірді.
2007 жылы туған команданың жеңіске жетуі Максим Стеблюков екі голының арқасынад мүмкін болды. Бірінші таймда командамыз өз басымдығын голдармен дәлелдесе, екінші таймда «Ақсу» қарсылас командасына доп соға алмады.
- Иә, ойыншылардың шеберлігі сыр беріп, екінші таймда гол соға алмадық. Дегенмен, ұрымтал сәттеріміз көп болды. Әлі талай жұмыс істеу керек. Бұл жеңісімізді Павлодарға арнаймыз. Жанкүйерлерге мың алғыс. Осылай бізді қолдап келіп тұрыңыздар, - деді бас бапкер Алексей Сорокин.
Келесі матчты «Ақсу 2007» сырт алаңда «Ақтөбелік» жастармен өткізеді. Ойын 26 сәуірде өтпек.
Freedom QJ League Қазақстандағы кәсіби футбол клубтарының жастар командалары арасында элиталық деңгейдегі жарыстарды өткізеді. QJ League жеңімпазы УЕФА жастар лигасында Қазақстан атынан қатысу құқығына ие болады.