Павлодарда балабақшалардың үздік педагогтары марапатталды
Білім беру бөлімі «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі-2024» республикалық байқауының қалалық кезеңінің қорытындысын шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқауда балабақшаның 14 педагогі педагогикалық технологияларды қолдану дағдыларын, балалардың назарын аудару әдісін көрсетті, өз жұмыс жүйелерін, іске асырылған жобаның негізгі идеясын және нәтижелерін ұсынды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені № 8 сәбилер-бақшасының тәрбиешісі Мақпал Сырымбаева иеленді. Мәселені шешу үшін педагог инновациялық дидактикалық ойындарды қолдана отырып, жаңа материалды игеруге негіз болатын жағдайларды, әдістер мен тәсілдерді қолданады.
I орынды № 30 сәбилер-бақшасның тәрбиешісі Хабиба Оразғалина иеленді. Педагог балалардың танымдық және интеллектуалдық дағдыларын дамытуда Марблс тастарын қолданудың тиімді әдістерін көрсетті.
II орын иегері, № 20 сәбилер-бақшасының тәрбиешісі Мансия Башетова ұйымдастырылған қызметте инновациялық әдістер мен технологияларды пайдалана отырып, балалар ұжымын шебер меңгерген.
№ 32 сәбилер-бақшасының музыка жетекшісі Анар Садуәқасова III орынды алды. Педагог практикада қолданатын квест технологиясы мектеп жасына дейінгі баланың танымдық белсенділігі мен бастамашылығын дамытуға бағытталған.
№ 33 сәбилер-бақшасының дене шынықтыру нұсқаушысы Салтанат Мақұлжанова «Мамандыққа адалдық», № 27 сәбилер-бақшасының қазақ тілі мұғалімі Лаура Жармағамбетова «Креативті педагог» және № 33 сәбилер-бақшасының тәрбиешісі Алтын Мұхтарова «Шығармашыл педагог» номинациялары бойынша марапатталды.
№ 112 сәбилер-бақшасының тәрбиешісі Кристина Соболевская, № 111 сәбилер-бақшасының тәрбиешісі Татьяна Гофман байқау лауреаттары атанды.
Ең көп балл жинаған қалалық кезеңнің бес жеңімпазы байқаудың облыстық кезеңіне жіберіледі. Байқау жүлдегерлерін салтанатты марапаттау Мұғалімдер күніне арналған қалалық іс-шарада өтеді.