Павлодарда ерекше балалармен жұмыс істейтін ұстаз республикада үздік атанды
Оның мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс нәтижесі жоғары бағаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, №7 арнайы мектеп-интернатының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Наталья Свистич арнайы білім беру ұйымдарының «Үздік педагог» номинациясы бойынша республикалық педагогикалық шеберлік байқауында бірінші орын алды.
Конкурсты ҚР Оқу-ағарту министрлігінің арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.
– Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Облыстық кезеңде мұғалімдер сабақтың бейнежазбасын, технологиялық картаны және өздігінен сараптама жасауды ұсынды. Республикалық кезеңде портфолио ұсынып, әдістемелік жүйесінің кәсіби мақсаттары мен құндылықтарын ашты, – деді басқармада.
Наталья Свистичтің білім және практикалық дағдылар саласындағы кәсіби құзыреттілік деңгейі және мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс нәтижесі республикада үздік деп танылды.