Чек-лист: павлодарлықтар жабайы жануарларды кездестіргенде не істеу керек?

Чек-лист: павлодарлықтар жабайы жануарларды кездестіргенде не істеу керек?
Фото: pixabay.com/JulieDuchesneau

Соңғы уақытта павлодарлықтар қалада жабайы жануарлардың пайда болуын байқап жүр. Қала ішінде еліктер, түлкілер, тіпті қабандар да кездескен. Мұндай «қонақтарды» көргенде қалай әрекет ету керек? Бұл туралы @Pavlodarnews.kz тілшісі Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің аңшылықтанушысы Дана Мұқышева айтып берді.

Табиғат аясындағы демалыс пен экскурсия тек жақсы әсер қалдыру үшін бірнеше қарапайым ережені сақтаңыз.

- Жабайы жануарлар мен олардың мекен ортасы – мемлекеттік меншік. Оларға ұқыпты қарау керек, өйткені олар бәрімізге ортақ. Кейбір жануарлар үшін адам – қорқынышты жау, ал кейбіріне ол «азық» болуы да мүмкін. Сіздің қауіпсіздігіңіз бен олардың амандығы табиғаттағы тәртіпке байланысты. Табиғатпен үйлесімді болуды үйреніңіз, – дейді маман.

Есте сақтаңыз:

  • Жабайы жануарлар мен олардың төлдері өз үйінде, ал сіз – қонақсыз. Олардың тыныштығын бұзбаңыз, мазасын алмаңыз;
  • Жануарларды мазақтамаңыз, қорқытпаңыз және тамақ беруге тырыспаңыз. Төлдерін көрсеңіз, аналары азық іздеуге кеткенін ұмытпаңыз. Анасы кез келген уақытта қайтып келуі мүмкін;
  • Төлдерге жақындамаңыз, айналасына адамдарды жинамаңыз. Фото-видео түсірмеңіз, қолыңызға телефон алмаңыз. Тыныш әрі тез кетіп қалғаныңыз дұрыс. Іздеріңіз немесе айқайларыңыз жыртқыштарды тартып әкелуі мүмкін;
  • Төлдерді қаншалықты сүйкімді көрінсе де, өзіңізбен алып кетпеңіз. Әлеуметтік желідегі контент үшін оларды анасынан ажыратуға болмайды.

Жануарлардың да құқықтары бар:

  • Демалыс пен тыныштыққа: айқайламаңыз, қатты музыка қоспаңыз;
  • Олардың өмірі мен денсаулығына зиян келтірмеңіз, жарақаттамаңыз.  Жарықшам қолданбаңыз, оларды қумаңыз.
  • Қоқыс қалдырмаңыз;
  • Өсімдікті өртемеңіз, пиротехника қолданбаңыз.

Қысқы құстарды кездестірсеңіз:

  • Қаздар, үйректер немесе аққулар су айдынында қыстап қалса, бұл олардың таңдауы. Қорек жеткілікті болса, олар аязда тіршілік ете алады;
  • Көмектескіңіз келсе, орман және жануарлар дүниесі инспекциясы мамандарымен келісіңіз;
  • Бақылауды жануарлардымазаламайтындай етіп ұйымдастырыңыз;
  • Кенеттен суық түскенде жем шашуға, су айдынында ойықтар ашуға болады.

Бұл ережелерді сақтау сіздің қауіпсіздігіңіз бен денсаулығыңызды, сондай-ақ жабайы жануарлардың тыныштығы мен амандығын қамтамасыз етеді. Табиғат – ортақ үйіміз, оған деген құрмет әрқайсымыздан басталады.