Павлодар облысында партиялардың сайлауалды үгіт жұмыстары жалғасуда
Партия өкілдері өңір тұрғындарымен кездесіп, ұсыныстарын тыңдауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Әділет» партиясы:
Павлодар облыстық «Әділет» партиясының сайлауалды штабының ақпараттық-үгіт насихат тобы еңбек ұжымдарымен, ауыл тұрғындарымен, ардагерлермен, бизнес және спорт саласының өкілдерімен кездесіп, сондай-ақ «Есіктен есікке» акциясы аясында тұрғындармен тікелей жүздесті.
Штаб жұмысы бірден облыстың бірнеше аумағын — Павлодар қаласын, Павлодар, Шарбақты және Ақтоғай аудандарын қамтыды.
Облыс орталығында кездесулердің бірі «Астана» мұз сарайында өтіп, партия өкілдері спорт саласының қызметкерлерімен пікір алмасты.
Сонымен қатар, топ мүшелері Павлодардың Орталық жағалауында тұрғындармен тікелей форматта сөйлесті. Бұдан бөлек, облыстың барлық аумағында «Есіктен есікке» акциясы өтті.
Күннің мазмұнды кездесулерінің бірі Павлодардың ардагерлер қауымдастығы өкілдерімен өтті. Кездесу біржақты таныстырылым емес, өңірдің нақты мәселелерін ашық талқылау форматында ұйымдастырылды.
Павлодар облысында 3 қалалық және 10 аудандық штаб жұмыс істейді. Олар тұрғындармен кездесіп, халықтың ұсыныстарын жинауда. Бүгінде 300-ден астам өтініш пен ұсыныс жүйеленіп, оларды өңірлік сайлауалды бағдарламаны қалыптастыру кезінде ескеру жоспарланып отыр.
«Жалпыұлттық социал-демократиялық партия»:
Бүгін Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан кандидат Роза Жүсіпова Павлодар облысындағы үгіт жұмыстарын жалғастырды. Келесі барған елді мекендер Кемеңгер және Шақат ауылдары болды.
Сапар барысында тұрғындарға ЖСДП-ның сайлауалды бағдарламасы жазылған ақпараттық парақшалар таратылып, рұқсат етілген орындарға үгіт материалдары орналастырылды.
Өңірдегі үгіт жұмыстары жалғасуда. Партия өкілдері ауылдық елді мекен тұрғындарын ОСДП-ның негізгі ұсыныстарымен таныстырып, сайлауалды бағдарлама туралы ақпаратты сайлаушыларға тікелей жеткізуде.
«Байтақ» партиясы:
«Байтақ» партиясы Павлодар облысының экологиялық белсенділерімен кездесуге қатысты.
Кездесу «ЭКО-14» клубы мен «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен өтті. Негізгі тақырып Павлодар облысын көгалдандыру мәселелерін қоғамдық талқылауға арналды.
Партия өкілдерінің айтуынша, көгалдандыру — тек ағаш отырғызу емес. Оның қатарында қолданыстағы жасыл қорды сақтау, отырғызылған ағаштар мен бұталарға жүйелі күтім жасау, қалалар мен елді мекендерді дамытуда экологиялық тәсілді қолдану, қоғамдық бақылау және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік бар.
«Байтақ» партиясы экологиялық мәселелер қоғамдық күн тәртібінің тұрақты бөлігі болып, талқылаулар нақты шешімдер мен іс-қимылдарға ұласуы қажет деп санайды.
Табиғатты қорғау — бір партияның ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі.
Қазақстан Халық партиясы:
Павлодарда Қазақстан Халық партиясының Павлодар облыстық филиалының белсенділері тұрғындармен жұмысын жалғастыруда.
Үгіт акциясы аясында филиал өкілдері қала көшелеріне шығып, тұрғындармен кездесіп, ақпараттық-үгіт материалдарын таратты. Қала тұрғындары партияның қызметі, бастамалары және негізгі жұмыс бағыттары туралы ақпарат алды.
Белсенділердің айтуынша, тұрғындармен ашық диалог орнату, олардың пікірін білу және ұсыныстарын ескеру маңызды. Мұндай кездесулер партия қызметін таныстырумен қатар, азаматтарды қоғамдық өмірге тартуға мүмкіндік береді.
Осындай акциялар халықпен ашық диалогты дамытуға, азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қызығушылығын арттыруға және азаматтық белсенділікті нығайтуға ықпал етеді.
«Ауыл» партиясы:
Сайлауалды штаб өкілдері Павлодар қаласының №3 қалалық ауруханасының ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері, медициналық қызметтердің сапасын арттыру, медицина қызметкерлерін қолдау және саланы одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Аурухана қызметкерлері өз ұсыныстары мен пікірлерін айтып, денсаулық сақтау саласына қатысты маңызды мәселелерге назар аударды. Штаб өкілдері көтерілген мәселелерді тыңдап, сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды.
Кездесу ашық әрі сындарлы диалог форматында өтті.
«Ақ жол» партиясы:
«Ақ жол» демократиялық партиясы республикалық сайлауалды штабының үгіт пойызын іске қосты. Маршруттың алғашқы аялдамасы Павлодар станциясы болды.
Үгіт пойызының құрамында партия төрағасы Дания Еспаева, Азат Перуашев, Берік Дюсембинов, партия белсенділері және Павлодар облыстық сайлауалды штабының мүшелері бар.
Сапар барысында «Ақ жол» өкілдері жолаушылармен кездесіп, партияның тарихы мен дамуы, сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелері және елді дамыту мен азаматтарды қолдауға бағытталған ұсыныстары туралы айтты.
Кездесу барысында жолаушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мәселелері мен пікірлерін ортаға салды. Партия өкілдері тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, оларды толғандырған мәселелерді талқылады.
Жолаушыларға үгіт материалдары таратылып, 23 тамызда өтетін сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырылды.
Кездесудің ерекше сәттерінің бірі — жолаушылардың біріне «Ақ жол» партиясына билетін табысталды.
«Respublica» партиясы:
«Respublica» партиясының үгіт-насихат тобы өңірдегі ең ірі құс фабрикаларының бірі — «Шарбақты-Құс» ЖШС ұжымымен кездесу өтті.
Шарбақты ауданындағы кәсіпорын жылына 30 миллион дана жұмыртқа өндіруге қауқарлы. Ол өңір нарығын сапалы өніммен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Кездесу барысында ұжымға «Respublica» партиясының атқарған жұмыстары таныстырылып, партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды.
Өз кезегінде ұйымшыл еңбек ұжымы алдағы сайлауда партияны қолдауға дайын екенін білдірді.