Елден жырақ жүрсе де ақтоғайлықтар дауыс беруден қалыс қалмады
Жағапаровтар отбасы үшін ел тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауына қатысып, таңдау жасау аса маңызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қайыржан мен Айгүл Жағапаровтар денсаулықтарын жақсарту мақсатында 18-25 тамыз аралығында Өзбекстан Республикасындағы «Таштермал» шипажайына демалысқа кеткен.
Сапар барысында олар Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігі жанындағы сайлау учаскесінде дауыс беруге мүмкіндік бар екенін біліп, шет елде жүрсе де өз азаматтық міндеттерін орындауды жөн көрген.
– Қай жерде жүрсек те, біз ең алдымен Қазақстан Республикасының азаматтарымыз. Елдің болашағына қатысты маңызды таңдаудан шет қалмау – әрқайсымыздың азаматтық жауапкершілігіміз. Бүгінгі таңдауымыз – өзіміз үшін ғана емес, балаларымыздың жарқын болашағы үшін жасалған таңдау, – деді Айгүл Амангелдіқызы.
Жағапаровтар отбасының бұл қадамы – елден тыс жерде жүрген азаматтардың да мемлекет өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси үдеріске белсенді қатыса алатынының жарқын көрінісі.
Еске сала кетейік, Павлодар облыстық перинаталдық орталығының базасында орналасқан №595 сайлау учаскесінде жүкті әйелдер мен босанған әйелдер дауыс берді. Мұнда барлығы 45 сайлаушы тіркелген. Осы уақытқа дейін олардың барлығы өз таңдауын жасап үлгерді.