Екібастұзда полицейлер заңсыз алкоголь саудасына тосқауыл болуда
Ол «Алкогольсіз аула» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қолға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараның мақсаты — алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы және тұрғын үйлер аулаларында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.
Рейд барысында тәртіп сақшылары сауда нысандарында алкоголь өнімдерін сату саласындағы заңнаманың сақталуын тексерді. Әрбір дүкен иесімен және сатушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, алкогольге қатысты заң талаптарын бұзған жағдайда жауапкершілік бар екені ескертілді. Әсіресе, кәмелетке толмағандарға спирттік ішімдіктерді сату, тыйым салынған уақытта өткізу және тиісті лицензиялардың болуы мәселелеріне ерекше назар аударылды.
- Біздің міндетіміз — тек құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, олардың алдын алу. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, — деді Екібастұз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының командирі Арман Құрманғали.
Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай профилактикалық іс-шаралар ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және заң талаптарын сақтауға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.