Павлодар облысында мектептердің 36 пайызында бассейндер бар
Судағы қауіпсіздік шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД мәліметінше, облыс аумағында 361 жалпы орта білім беретін мектеп бар, оның ішінде 123 мектепте қаңқалық-модульдік бассейндер сатып алынған. Нақтырақ айтқанда, Павлодар қаласында – 36, Екібастұз қаласында – 9, Ақсу қаласында – 32, Аққулы ауданында – 13, Ақтоғай ауданында – екі, Железин ауданында – үш, Ертіс ауданында – екі, Павлодар ауданында – 13, Тереңкөл ауданында – екі, Успен ауданында – сегіз, Шарбақты ауданында – үш. Ағымдағы жылы 16 бассейн сатып алу жоспарлануда.
– Жыл басынан бері білім беру басқармасымен 13789 бала жүзу дағдыларына оқытылды. Қалалар мен аудандардың төтенше жағдайлар басқармасы мен төтенше жағдайлар бөлімінің бастықтары білім беру бөлімдерімен өз аумақтарында қаңқалық-модульдік бассейндерді сатып алу бойынша жұмыс істеу қажет, – дейді Павлодар облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, аға лейтенанты Темірлан Жапалбай.
Оның айтуынша, департамент облыстың білім басқармасымен және жүзуден олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебімен бірлесіп, жүзуді оқыту мақсатында балалардың бассейнге тегін баруы туралы меморандумға қол қойған. Барлығы 422 бала жүзуді үйренеді.
ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжановтың айтуынша, осы мақсаттарға тартылған құтқару бөлімшелері қосымша қажетті құралдармен жабдықталды. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыс жыл бойы жүргізіледі.
– Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері Үкіметтің және мемлекеттік органдармен өткізілген отырыстарында қаралды. Жиналыс нәтижесінде барлық мүдделі мемлекеттік органдарға су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттер қойылды. Әрбір тапсырма Төтенше жағдайлар министрінің жеке бақылауында, – деді Ақылбек Ахметжанов ОКҚ-де өткен баспасөз конференциясында.
Айта кетейік, министрлік ай сайын «Балаларды судан сақта» республикалық акциясын жүргізуде. Қазақстан бойынша оқыту кезеңінде 52 мың бала жүзу дағдыларына оқытылды, бұл жұмыс жалғасын табуда.