Екібастұзда қоғамдық тәртіпті бұзғандар арнайы орталыққа жеткізілді
Бір тәулік ішінде 40-қа жуық жол қозғалысы ережесі бұзылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласында патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізді.
Қызметкерлер жүргізушілер арасында жол қозғалысы ережелері мен қоғамдық тәртіп нормаларының сақталуын тексерді. Бір тәулік ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 37 әкімшілік дерегі анықталды.
- Оның ішінде бір жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған. Әртүрлі құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін 7 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылса, қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген 17 азамат айықтыру үшін уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді, - дейді Екібастұз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының командирі Арман Құрманғали.
Командирдің айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде өткізіледі.