Павлодарда бизнес қауіпсіздігін арттыруға бағытталған келісім жасалды

Павлодарда бизнес қауіпсіздігін арттыруға бағытталған келісім жасалды
Фото: Кәсіпкерлер палатасынан

Ынтымақтастық өрт қауіпсіздігін сақтады қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы мен төтенше жағдайлар департаменті арасында меморандум жасалды. Құжатқа қол қою екі ұйым арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және бизнес қауымдастығымен ашық диалогты дамытуға бағытталған. 

Қол жеткізілген келісімдер аясында тараптар кәсіпкерлерге мемлекеттік қызметтерді алу мәселелері бойынша, сондай-ақ нысандарды салу және пайдалануға беру кезінде заңнама талаптарын сақтау жөнінде әдістемелік және кеңестік қолдау көрсететін болады.

«Атамекен» өңірлік палатасының директоры Ерқанат Әбенов ӨКП ұжымы кәсіпкерлермен, соның ішінде қоғамдық мүдделерге әсер ететін бизнес субъектілерімен — сауда үйлерімен, мейрамханалармен — бірнеше рет түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін атап өтті. 

— Біз Палата ретінде әрқашан бизнестің мүддесін қорғаймыз. Алайда қоғам қауіпсіздігі мәселелері бәрінен жоғары тұрады. Менің ойымша, бизнес те мұны түсінеді және қоғамдық мүдделерге қатысты барлық ережелерді сақтауға дайын. Жаңа Негізгі заң қабылданғаннан кейін кәсіпкер өз қызметін бірнеше жыл алға жоспарлап, инвестиция салып, кеңейіп, міндеттемелер ала алады», — деді Ерқанат Әбенов.

ТЖ департаментінің бастығы Рустамбек Амрин де жалпы жұмыс тәсілдерін қайта қарау қажет екенін айтты. Оның пікірінше, бұл Қазақстанның жаңа Конституциясында да көрініс тапқан, онда азаматтардың барлық құқықтары қамтамасыз етіліп, қорғалуы тиіс екені көрсетілген. Жаңа Негізгі заңда бекітілген республика тұрғындарының құқықтарының бірі - қауіпсіздікке деген құқық. Ал оның ажырамас бөлігі - өрт қауіпсіздігі.

— Жаңа технологияларды ескере отырып, біз қазір өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметін мемлекеттік қызмет ретінде электронды форматта қашықтан көрсету мүмкіндігіне ие болдық. Онда рәсімдік мерзімдер белгіленген, сондықтан біз бұл қызметті тез әрі артық бюрократиясыз көрсете аламыз, - деді Рустамбек Амрин.

Төтенше жағдайлар департаменті бизнестің барлық қажетті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге көмектесуге дайын екенін атап өтті.

«Атамекен» ӨКП мен ТЖ департаменті арасында қол қойылған меморандумда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру және қоғамдық бақылау тетіктерін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылған. Сонымен қатар тараптар бірлескен кеңестер, түсіндіру кездесулері, дөңгелек үстелдер ұйымдастыруды және бизнес пен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының өзекті мәселелері бойынша ведомствоаралық топтың жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр.