Екібастұзда алкогольді заңсыз сатқан дүкен иесі жазаланады

Сауда нүктесінің жанында тұратын адамдар тәртіпсіздік жайында полицияға шағымданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласында полиция қызметкерлері қаңтар айында дүкендердің бірінде алкоголь өнімдерін заңсыз сату фактісін анықтады. Иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, материал сотта қаралды. Сот алкоголь өнімдерін бөлшек саудада сатуға арналған лицензияның қолданылуын екі айға тоқтата тұра отырып, дара кәсіпкерді жауапқа тартты. Алайда жақын маңдағы үйлердің тұрғындарынан шағымдар азаймаған. Азаматтар учаскелік полиция инспекторларына келесі наразылықтарын білдірді
– Алкогольді ішкеннен кейін азаматтар аулада, отбасында жанжал шығарды. Уақыт өте келе алкоголь саудасына тыйым салынғанына қарамастан, дүкен алкоголь сатуды жалғастыруда, – деді тұрғындар.
Ақпан айында полиция рейд жүргізіп, сағат 21:20 шамасында А. Молдағұлова көшесіндегі дүкенде алкоголь өнімін тиісті лицензиясыз сақтау фактісінің жолын кесті. Иесіне қатысты кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысқаны, сондай-ақ, тиісті рұқсатсыз іс-әрекеттерді жүзеге асырғаны үшін материал жиналды. Материалдар сотқа жіберілді.