Павлодарда домбырашылар челленджі өтті

Павлодарда домбырашылар челленджі өтті
Фото: Павлодар облыстық білім беру басқармасы

«Күй күмбірі» республикалық домбырашылар челленджі  Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің оқушылары, музыкалық колледж кешені-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының оқушылары мен студенттері, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «Batyr mall» сауда орталығында күй орындады. Олар Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа», Нұрғиса Тілендиевтің «Тепең көк», «Әлқисса», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Дәулеткерей Шығайұлының «Көроғлы» және Байжігіттің «Көксерке» күйлерін ойнады. 

– Домбыра – ежелгі дәуірден келе жатқан қазақ халқының кең тараған қасиетті ұлттық музыкалық аспабы. Сондықтан өскелең ұрпақ домбырада орындау қасиетті өнерін жалғастыруы керек, – дейді музыкалық колледж кешені-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының басшысы Серік Сыздықов.

Айта кетейік, 12-20 наурыз аралығында өңіріміздің барлық мектептері, мектептен тыс ұйымдарының оқушылары және колледж студенттері домбырашылар челленджіне белсене қатысты.