Ертіс аудандық ауруханасы заманауи медициналық техникалармен толығады

Ертіс аудандық ауруханасы заманауи медициналық техникалармен толығады
Фото: Константин Шелков

Ауруханаға 11 медициналық техника сатып алу жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков Ертіс аудандық ауруханасына жұмыс сапарымен барды. Ол амбулаториялық-емханалық қызметтің жұмысымен танысып, аурухананың бөлімшелерін аралады.

 – Аурухана аумағында назар аударуды қажет ететін бірқатар мәселелер анықталды. Атап айтқанда, ауруханада су мұнарасы жарамсыз күйде, оны бұзу қажет. Сонымен қатар, аурухана аумағында да, кіреберіс жолдарда да асфальт жабындысын ауыстыру қажет. Бұл мәселе аудан әкімдігімен бірлесіп қаралатын болады,  –  деді басқарма басшысы.

Ертіс ауданы ауылдық жерлерге медициналық мамандарды тарту бойынша мемлекеттік бағдарламаның табысты жүзеге асырылуын көрсетіп отыр. Өткен жылдан бастап көтерме жәрдемақы мөлшері ұлғайды: ауылдық жер үшін — 8,5 миллион теңге, қалалық жер үшін — 3,5 миллион теңге. 2024 жылы ауданға 14 дәрігер тартылды. Олардың қатарында жалпы тәжірибе дәрігерлері, педиатрлар, неонатолог, онколог, хирург-эндоскопист, гинеколог және терапевтер бар. Кейбір бос орындар төрт жылдан алты жылға дейін жабылмаған.

2024 жылы мекеменің материалдық-техникалық базасы едәуір жаңартылды — 112 миллион теңгеден астам сомаға 24 медициналық техника сатып алынған.

Дәрігер кадрларын тарту мен оқыту, сондай-ақ медициналық жабдық сатып алу артериялық қысымды тәулік бойы бақылау, Холтер мониторингі, ультрадыбыстық зерттеулердің ауқымын кеңейту және дәрігерлік амбулаторияның жұмысын айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік берді.

 – 2025 жылы аудандық ауруханаға 11 медициналық техника сатып алу жоспарланып отыр. Олардың ішінде жылжымалы рентген аппараты, портативті УДЗ аппараты, ЛОР-комбайн және ЭХВЧ аппараты бар,  –  деді Иран Шаметеков.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ауруханада шатыр мен инженерлік желілерге күрделі жөндеу жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобаны іске асыру 2026 жылы бюджет нақтыланған жағдайда қаралады.

Ауылдық денсаулық сақтау жүйесі дамып келеді. Ертіс ауданында білікті кадрлардан бастап заманауи жабдыққа дейін барлық жағдай жасалған, бұл тұрғындарға сапалы және уақытылы медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.