Павлодарда жетекші мамандар жатыр мойны обырын жеңу тәсілдері жайлы айтты

Жеңу жолдары бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілші.
Павлодар облысында үш күн қатарынан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының иммунопрофилактика, оның ішінде жасөспірім қыздарды адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакциналау мәселелері бойынша миссиясы жұмыс істеп жатыр.
ДДСҰ Қазақстандағы өкілдігінің иммунизация бағдарламасы жөніндегі үйлестірушісі Қанат Суханбердиевтің айтуынша, жатыр мойны обырының алдын алу бойынша ақпарат дәлелденген ғылыми негіздерге сүйенуі тиіс.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы АПВ-ға қарсы вакцинация бойынша қажетті көрсеткішке қол жеткізе алмады. Иммундау ата-аналардың ерікті келісімімен жүргізіледі, олар балаларымен бірге екпе алуға келе алады. Аудан орталықтарында қамту жақсы, ал Павлодар мен Екібастұзда мәселе бар. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет. Жатыр мойны обырымен күресте стратегия бар: әйелдердің 90%-ы скринингтен өтуі керек, 90%-ы ем алуы тиіс және қыз балалардың 90%-ы вакцина салдыруы қажет. Осылайша, Қазақстан бұл аурудан арылуы мүмкін, – дейді Қанат Суханбердиев.
Сарапшының айтуынша, жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы қатерлі ісіктердің ішінде екінші орында тұр. Елде күн сайын екі әйел осы дерттен көз жұмады.
Аурумен күрестің тиімді әдістерінің бірі – вакциналау. Қазақстанда иммундау науқаны былтыр қыркүйекте басталды. Дәрігерлер халықты асықтырмай, біртіндеп жоспарлы жұмыстар жүргізуді жөн көрді.
– «Гардасил» төрт валентті вакцинасы вирус жұқтыру қаупі жоғары төрт штаммға қарсы қорғаныс береді. Зерттеулердің нәтижесі бойынша, жатыр мойны обырының жиі себебі – 16 және 18 типті вирустар. АПВ-ның 200-ден астам түрі бар. Бұл вакцина 2006 жылы ойлап табылған. Әлемде 28 жылдан бері табысты қолданылуда. АҚШ-тағы Merck зауытында өндіріледі. Австралия мен Шотландияда 30 жасқа дейінгі әйелдер арасында бұл вирус пен ауру кездеспейді, – дейді ол.
Сарапшылар 2014 жылы иммунопрофилактика науқанының сәтсіз өткенін еске салды. Мамандардың айтуынша, халық бұған дайын болмады. Вакцина қазіргі қолданыстағы препарат болса да, дәрігерлерде ақпарат жетіспеді. Қазір Қазақстан 2006 жылдан бастап АПВ-ға қарсы егу жүргізіп келе жатқан 135 елдің қатарына енді. ДДСҰ мақұлдаған төрт валентті вакцинада тірі биоматериалдар жоқ, бұлшықетке салынады, вирус жұқтыруы мүмкін емес. Екі мәртелік егу тұрақты иммунитет қалыптастырады. 17 жыл бұрын екпе алған әйелдер әлі де қорғалған.
Облыстың жетекші онкогинекологы Гүлім Сыздықова скринингтің тиімділігін нақты мысалмен дәлелдеді.
– Павлодар облысында жоспарланған скринингтік зерттеулер 100%-ы қамтылды, 35 мың әйел тексерілді. 2,28% жағдайда обыралды жағдай анықталды, бұл шамамен 800 жағдай. Жатыр мойны обыры 20 әйелде бастапқы сатысында анықталды. Биылғы жоспар – 44 мыңнан астам зерттеу жүргізу. Бес ай ішінде 18 мыңнан астам скрининг өткізіліп, екі оқиға тіркелді, – деп атап өтті Гүлім Сыздықова.
ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Нұршай Әзімбаева вакцинаның тиімділігін дәлелдейтін ірі зерттеу қорытындылары туралы айтты.
– Бұл зерттеуді ҚР Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты вакцинация бағдарламасының тиімділігін бағалау жобасы аясында бастады. Жасөспірім кезінде вакцина алған 1000-нан астам әйел тексерілді. Бұл топта жатыр мойны патологиясы тек 0,12% жағдайда анықталды. Ал вакциналанбаған бақылау тобында көрсеткіш 18%, оның ішінде обыр алды аурулар да бар, – дейді Нұршай Әзімбаева.
Сонымен қатар, вакцинацияның репродуктивті функцияға әсеріне қатысты сауалнама жүргізілді. Ешқандай бұзушылық анықталған жоқ. Иммундаудан өткен әйелдер ана атанып, сау балаларды дүниеге әкелді.
Маусым айының басында Павлодарда 11 жастағы 1921 қызға вакцинаның бірінші дозасы салынды, қамту көрсеткіші - 36%. Республика бойынша бұл көрсеткіш 52%-ке жуық (84 мың қыз). Павлодар облысы артта қалып отыр. 12–13 жастағы қыздардың арасында да 36% вакцина алған – 2123 бала. Республикада бұл көрсеткіш – 33% (59 мың). Павлодарда вакцинацияның екінші кезеңінен 1115 қыз өтті, бұл 18%-ды құрайды. Ел бойынша қамту деңгейі – 23% (41 мың). Ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында тіркелген. Бұл өңірде 11 жасар қыздардың 80%-ы иммундау шараларымен қамтылған.