Ертіс өңірінен шыққан тұңғыш кәсіби қазақ суретшісінің көрмесі ашылады

Ертіс өңірінен шыққан тұңғыш кәсіби қазақ суретшісінің көрмесі ашылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

1925-1998 жылдар аралығында өмір сүрген Жамкен Серікбаев – өңірдің мәдениет тарихындағы айрықша маңызы бар тұлға, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Сондай-ақ Ертіс өңірінің тұңғыш кәсіби қазақ суретшісі, педагог, өлкетанушы. Жамкен Серікбаевтың 100 жылдығына орай 2025 жылдың 13 маусым күні, сағат 16:00-де Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде «Тұғыры биік рухты бейне» атты мерейтойлық көрме ашылады.

Оның балалық шағы балалар үйінде өтсе де, сурет өнеріне деген құштарлығы мен фотосуретші Дмитрий Багаевтың қолдауы өмір жолын айқындап берді. Алматыдағы Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училещесін тәмамдағаннан кейін Ертіс өңірінің алғашқы кәсіби суретшісі атанды және 30 жылдан астам уақыт педагогикалық училищеде сабақ берді, музей ашты, көркемсурет студиясын құрды және көптеген жас дарындарды тәрбиеледі.

Экспозицияда 2016 жылы музейге суретшінің ұлы тарту еткен 50-ден аса кескіндемелік және графикалық жұмысы ұсынылған. Аталмыш көрмеден автопортреттерін, Баянауыл пейзаждарын, Ертіс табиғатының этюдтерін, туған жеріне деген шынайы сүйіспеншілікпен жасалған қалалық эскиздерін тамашалауға болады. Туындыларынан философиялық тереңдік пен жылулыққа толы ой-толғамы сезіледі.

Жамкен Серікбаев өнер туындыларын жасап қана қоймай, қоғамдық өмірдің белсенді қатысушысы болды. Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы көрмелер ұйымдастырып, ескерткіштер мен қатар музей жобаларын жасаумен айналысты. Оның музейлерді, театрларды және білім беру мекемелерін көркемдеп безендіруіне қосқан үлесі өңіріміздің мәдениет саласында өшпес берік із қалдырды.