Павлодар облысында орманды сақтауда формалды көзқарасқа жол берілмейді
Орманды қалпына келтіру саласындағы тексеру нәтижелері өңір прокурорының төрағалығымен өткен алқа отырысында қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жиынға облыс әкімдігі мен полиция департаментінің басшылығы, қала және аудан әкімдері, «Ертіс орманы» резерватының, Баянауыл ұлттық паркінің қызметкерлері және орман қорғау мекемелерінің өкілдері қатысты.
Барлық орман қорғау мекемелерінде жүргізілген тексеру айтарлықтай заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, көшеттерді есепке алу дұрыс жүргізілмеген, отырғызу материалы негізсіз есептен шығарылған, көлемдер жалған түрде ұлғайтылған және олардың жерсіну деңгейі төмен болған.
Соңғы 10 жылда табиғи резерваттағы көшеттердің жерсіну көрсеткіші екі есе төмендеген, сонымен қатар оларды есептен шығару көлемі артқан. Осы жағдай аясында орманмен жабылған аумақтардың азаюы жалғасуда.
Облыс прокуроры Алмат Байшұлақов атап өткендей, орман шаруашылығы саласындағы негізгі басымдықтардың бірі – сапалы отырғызуды қамтамасыз ету және жасыл желектерді дұрыс есепке алу. Ол орман қорын сақтау мәселесінде формалды көзқарасты болдырмауға және экологиялық заңнаманың талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша қадағалау шаралары қабылдануда. Кейбір жағдайларда материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданған.
Полиция департаментіне ағаш ұрлығы мен көшеттерді заңсыз тасымалдау фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеу тапсырылды. Сондай-ақ уәкілетті органдарға орман қорын ұлғайту және қорғау бойынша міндеттер жүктелді.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша орманды қалпына келтіру тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленді. Орман алқаптарының азаю қаупін төмендетуге бағытталған жаңа отырғызу әдістері ұсынылды.