Павлодарда алтын сақинасы ұнамай қалған тұрғынның құқығы қорғалды

Павлодарда алтын сақинасы ұнамай қалған тұрғынның құқығы қорғалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сатушы тұтынушының шағымынан бас тартқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тиісті сападағы тауарды айырбастаудан және қайтарудан бас тарту мәселесі бойынша өтініш түсті. Ер адам қаладағы зергерлік дүкендерінің бірінен 438 600 теңгеге анасына алтын сақина сатып алған. Алайда, біраз уақыттан кейін тұтынушы сақинаның өлшемі сәйкес келмегенін байқап, оны қайтарғысы келген. Сатушы сақинаның өлшемін өз шеберінің көмегімен үлкейтуді ұсынды. Бірақ үлкейту жұмыстары нашар орындалып, ер адам сақинаны қайтадан қайтарғысы келген. Департамент сатушыға наразылықпен шағымдану құқығын түсіндірді. 

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 42-4-бабына сәйкес құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған тұтынушы сатушыға құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды жою және тауардың кемшіліктері салдарынан осы бұзушылықтар келтірген залалды тұтынушыға ерікті түрде өтеу туралы наразылықпен жүгінуге құқылы.

Сатушы тұтынушының наразылығын қарауға және тұтынушының талаптарымен келіспеген жағдайда тұтынушының наразылығын алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде құжатпен негізделген дәлелді жазбаша жауап ұсынуға міндетті. Осы құжаттардың көшірмелері сатушының тұтынушыға жауабына қоса тіркелуге тиіс.

– Тұтынушы өзінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру үшін сатушыға сотқа дейінгі наразылықпен жүгінді. Алайда сатушы шағымды қабылдаудан бас тартты. Осыған байланысты тұтынушы сақинаны айырбастаудан және қайтарудан бас тарту, сондай-ақ наразылықты қабылдаудан үзілді-кесілді бас тарту мәселесі бойынша қайтадан департаментке жүгінді, – деді департаментте. 

Департамент тұтынушының өтініші негізінде кәсіпкерге тұтынушының шағымын қабылдаудан бас тарту себептерін түсіндіру бойынша сұрау жолдады. 

– Туындаған жағдайды реттеу үшін кәсіпкерлік субъектісі ер адаммен байланысып, мәселені шешудің екі нұсқасын ұсынды – өнімге жеңілдік беру немесе олардың дүкенінде төленген сомаға басқа тауарға айырбастау. Тұтынушы тауарды сол сомаға басқа тауарға айырбастауды таңдады. Нәтижесінде тараптардың татуласуына байланысты ер адам өтінішін кері қайтарып алды, – деді департаментте. 

Егер тұтынушы осындай жағдайға тап болса, өз құқықтарын қалпына келтіру үшін облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады. Тұрғындар 8(7182) 55-10-70 сенім телефонына хабарласа алады.