Павлодар облысында куәлігі жоқ екі мыңға жуық жүргізуші анықталды
Патрульдік полиция жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік шараларды күшейтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары тасжолдардың бірінде бұрын куәлігінен айырылған ер адам тізгіндеген тракторды тоқтатты.
– Сот тыйымына қарамастан арнайы техниканы басқарған тұрғынға қатысты әкімшілік материал жиналып, іс сотқа жолданды. Заңды қайталап елемегені үшін енді оған қатысты қатаң жауапкершілік қарастырылған, – деді облыстық ПД патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаев.
Жыл басынан бері сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылса да, рөлге қайта отырған 1718 дерек тіркелді.
Сонымен қатар, республикалық маңызы бар тасжолда Nissan Terrano автокөлігі де тоқтатылды.
– Тексеріс барысында жүргізушінің мас екені анықталды. Жол талғамайтын көлік айып тұрағына қойылып, иесіне қатысты әкімшілік қамауға алу және куәлігінен айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Жалпы, жыл басынан бері өңірде мас күйде көлік айдаған 290 адам жауапқа тартылған, – делінген хабарламада.
Полиция департаменті тұрғындарды жол үстіндегі күмәнді әрекеттер туралы «102» арнасына немесе «Police 102» қосымшасы арқылы хабарлауға шақырады. Мамандардың айтуынша, заң мен тәртіпті сақтау – жолдағы қауіпсіздіктің басты кепілі.