«Ысқырғыш жебелер»: Павлодарда көшпелі өмірді суреттейтін көрме өтеді
Аталмыш іс-шараға 19 көркем туынды ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
15 наурызда Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде суретші Арыслан Ибрахимнің көшпелі өмірдің заманауи бейнелерінің көрмесі ашылады. Туындылар жазушы Нурихан Фаттахтың «Ысқырғыш жебелер» атты тарихи роман иллюстрациялары бойынша салынған.
Көрменің мақсаты – тарихи жадыны дүр сілкіндіре отырып, түркі әлемін ортақ тарих бейнелері арқылы біріктіру мүмкіндігі. Өйткені, Нұрихан Фаттахтың «Ысқырғыш жебелер» романының оқиғалары б.з. д. III ғасырдың ортасынан бастап Қытайдың солтүстіктегі қуатты қарсыласы – Хунну (Сюнну) Орталық Азия көшпелі халқының елдерінде орын алады. Хунну барлық түркі халықтарының ата-бабалары деп саналады.
Роман кейіпкерлерінің өміріндегі қуатты, жарқын, графикалық бейнелері арқылы суретші барлық түркілердің жоғалған тарихын жандандыруға, жігерлендіруге тырысады. Ал заманауи бейнелер арқылы қазіргі заманның тарихпен байланысын көрсетеді.
Сондай-ақ, алдағы уақытта суретші қаланың шығармашыл жастары үшін шеберлік сағатын өткізеді.
Айта кетейік, көрме 2024 жылдың 14 сәуіріне дейін жұмыс істейді.