Павлодар театрында сәуір айында драма, комедия, спектакль-шоу көрерменге ұсынылады

Павлодар театрында сәуір айында драма, комедия, спектакль-шоу көрерменге ұсынылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры  осы айға арналған репертуарын ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ай соңына дейін көрермендер назарына алты қойылым ұсынылады. 

«Балам, қашан келесің?..» драма 

2 сәуір, 18:00

Олардың күнтізбесінде тек бір ғана күн бар. Ол– «бүгін келеді» деген үміт күні. Алты тағдыр, алты түрлі өкініш және бір ортақ күту залы. Бұл мекенде уақыт тоқтап қалғандай, тек есіктің әрбір шиқылы жүректі дүрсілдетеді. Өз үйінде сыймағандар, өз баласына «артық жүк» болғандар мұнда не іздейді? Олар перзентін кешіре ме, әлде қарғай ма? Ең басты сұрақ: есік ашылғанда табалдырықтан кім аттайды – сағынған баласы ма, әлде ажал ма?

Автор: Сәкен Сыбанбай. Режиссер: Жұлдызбек Жұманбай.

Театр ұжымы 6-7 сәуір күндері Талдықорған қаласына, 8-10 сәуірде Алматы қаласына гастрольдік іссапармен барады.

«Балалық шаққа саяхат» драмасы

17 сәуір, 18:30

Қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесінің желісі бойынша сахналанған қойылымда сол бір қиын қыстау кездердің ауыр жағдайын, жазушының  тағдырында тартқан тауқыметі жөнінде баяндалады. Қара талқан, қара сумен амалдап күн кешсе де жарқын күндерден үміт үзбеген бала жүрек арманның асылына, мақсаттың биігіне ұмтылады.

Авторы:  Бердібек Соқпақбаев, режиссері – Жангелді Садықов.

«Алғашқы махаббат» комедиясы

19 сәуір, 17:00

Бұл – қызығы мен мұңы аралас албырт кезеңдегі аяулы сезім. Алғашқы махаббат, албырт сезім, бұл – партадан басталатыны белгілі.

Ал алғашқы сезімі ұстазына оянып, өзінен әлдеқайда үлкен қызға ғашық болған бозбала жайлы естіп пе едіңіз? Бұл албырттық па, әлде ақымақтық па? Бәлкім бұл шынайы сезім шығар. Қойылымда мектеп өмірінің кіршіксіз сәттері, алғашқы махаббат, бейкүнә сезімдер суреттеледі. 

Авторы: Қанат Жүнісов. Режиссері: Жангелді Садықов

«Мұғалім» әлеуметтік драмасы 

22 сәуір, 18:30 

Ұстаз. Ол – жүрегіне ғаламды сыйғызған тұлға. Әрбір сөзі – шәкіртке шамшырақ, әрбір ісі – болашаққа жол сілтер нұр. Бірақ оны ата-ана мен оқушы түсіне ме? Мұғалім тағдыры арқылы адалдық пен мейірімнің, арман мен үміттің, жауапкершілік пен жанқиярлықтың сырын ұғынуға болады. Бұл қойылым мұғалім, оқушы және ата-ана арасындағы мәселелердің шешімін табуға жол бастайды.

Авторы: Қолғанат Мұрат. Режиссері: Әділет Ақанов.

«Есіңе мені алғайсың» музыкалы-поэтикалық кеш

24 сәуір, 18:30

Музыкалы-поэтикалық кеш ақынның тағдырында көрген қиыншылықтары мен қайғыларының желісінде өрбиді. Ғасырында біртуар тұлға, Хан-Тәңірінің мұзбалағы Мұқағали бейнесі халықтың жүрегінен кеңінен орын алып, сыршыл да, сұлу поэзиясы ауыздан-ауызға жатталып қалды. Кеште ақынның сөзіне жазылған «Ана сен бақыттысың», «Күрең күз», «Құмған алған», «Мен деп ойла», «Қазағым-ай», «Сарыжайлау», «Отан», «Қарасазым-ай», «Есіңе мені алғайсың» әндері шырқалады. 

Авторы: Мұқағали Мақатаев. Режиссері: Е Қауланов.

«Бір досың керек екен» комедиясы 

26 сәуір, 17:00

Спектакльде  жек көрсе де жауға бермес, өкпелесе де өлімге қимас, жақтырмаса  да жарға итермес екі дос туралы болмақ. Тағдыр тауқыметі араларына сына қаққанмен сын сағатта бір-бірін сатпаған екі достың қызықты да шытырман оқиғасы суреттеледі.

Авторы: Георгий Хугаев. Аударған: Мұқанғали Томанов. Режиссері: Жангелді Садықов.

«Джудит жасаған қиын таңдау» балалар мен ересектерге арналған спектакль-шоу

29 сәуір, 12:00, 16:00  

Спектакльдің динамикалық құрылымы арқылы қойылым авторлары көрерменге әке мен баланың арасындағы мәселелерді қозғайды. Бала мен ата-ана арасындағы байланыс көпірінің құлдырауы сияқты өмірдегі маңыздылығы жоғары және мәні терең құбылыстар жайлы сыр шертеді. Мүмкін байланыстың үзілу себебі –  адамдардың бір-бірін түсіне алмау немесе түсінгісі келмеу салдарынан орын алып жатқан болар. «Джудит жасаған қиын таңдау» қойылымы айналаға – балаға ересек адамның көзімен, ал ата-анасына баланың көзімен қарауға мүмкіндік береді.

Авторы және режиссері: Сергей Левицкий. Грейс Маклиннің «Самая прекрасная земля на свете» романының желісі бойынша.