Кәсіби шеберлік алаңы: Павлодарда педагогикалық олимпиада өтті
Үш колледждің «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының 3–4-курс студенттері өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде Разия Мурзалимова атындағы Павлодар облысы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында І қалалық «Тәрбиешінің кәсіби қалыптасуы» атты олимпиадасы болып өтті.
Олимпиаданың ашылу салтанатын колледж басшысы М.Шабанбаева аша отырып, Разия Шамильқызының болашақ тәрбиешілердің кәсіби дамуы мен колледжге қосқан үлесі туралы айтып өтті.
Педагогикалық олимпиадаға Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжі, М.Қанапиянов атындағы жоғары колледжі және Жоғары инновациялық көп салалы колледжінің «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының 3-4-курс студенттері қатысты.
Олимпиада қорытындысы бойынша 1-дәрежелі дипломмен Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің студенттері Айнұр Абақова мен Лия Кладова марапатталды. Ал, 2-дәрежелі дипломмен М.Канапиянов атындағы жоғары колледжінің студенті Дильназ Назымбекова мен Жоғары инновациялық көпсалалы колледжінің студенті Анастасия Феофилатова өзара бөлісті. 3-дәрежелі диплом Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің студенттері Айжан Ахметова мен Алина Иванченкоға бұйырды.
Айта кетелік, Разия Мурзалимова 1950 жылдың 9 желтоқсанында Павлодар қаласында дүниеге келген. 1973 жылдан бастап өзінің кәсіби жолындағы еңбегін биология және химия пәндерінің оқытушысынан бастады.
- Разия Шамильқызы өзінің 47 жылғы қызметінің барысында колледждің дамуына үлкен үлес қосты. Осы кезеңдерде колледждің материалдық базасы нығая түсті. Яғни 4 компьютерлік сынып, 3 дәріс аудиториялары, этнография және халық педагогикасы кабинеттері мен тренажёр залы ашылды. Сонымен бірге жаңа мамандықтар пайда болды, - делінген хабарламада.
Ұлағатты ұстаздың адал, ерен еңбегі марапатсыз қалған жоқ. Ол - «Қаз ССР халық ағарту ісінің үздігі», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» медалі және көптеген грамоталар мен алғыс хаттармен марапатталды.