Павлодарлық оқытушылар 2000 АЕК сыйақыға ие болды
Олар республика бойынша үздік оқытушылар тізіміне енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Марғұлан университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2023» республикалық байқауының жеңімпаздары белгілі болды. Жүзден жүйрік шыққандар арасында Марғұлан университетінің оқытушылары да бар.
Олар – гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры Зифа Темірғазина, жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің доценті Алмагүл Асайынова, жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің доценті Әсемгүл Қисабекова.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, байқауға еліміздің 80 жоғары оқу орнынан барлығы 768 үміткер қатысқан. Конкурста электрондық оқу ресурстары, материалдарды әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық журналдарда ғылыми жарияланымдар жасау, өнертабыс патенттердің болуы және басқа да көрсеткіштер бағаланды. Сондай-ақ, оқытушының білім беру сапасы, оның бакалавриат, магистратура және докторантурада кадрлар даярлау жөніндегі жұмыстары назарға алынды.
– Еңбегімнің жоғары бағаланып, үлкен жетістікке жеткеніме қуаныштымын. Мен аталған конкурсқа ғылыми жұмыс саласындағы жетістіктерімді жолдаған едім. Атап айтқанда, жоғары рейтингті халықаралық және республикалық журналдарға жарияланған мақалалар, студенттерді конкурстарға, ғылыми жобаларға дайындаудағы жетістіктер, оқулықтар және электронды оқу құралдарын әзірлеу бойынша жұмыстары көрсетілді, – дейді жарыс жеңімпазы Әсемгүл Қисабекова.
Айта кету керек, жалпы 43 жоғары оқу орнының 150 оқытушысы осы конкурстың жеңімпазы атанды. Олардың әрқайсысы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» төсбелгісімен және 2000 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы табысталатын болады.