Екібастұз мектептерінде конвекторлық жылыту жүйелері орнатылған
Бүгін облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұзда жедел штаб отырысын өткізіп, қала мектептеріндегі жылу режимін тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұған дейін қабылданған шараларға қарамастан температураның төмендеуі байқалған мектептерде конвекторлық жылыту жүйелерін орнату туралы шешім қабылданған еді.
- Өткен аптада Екібастұздың 13 білім беру мекемесінде, оның ішінде 9 мектеп, 2 колледж және бір жатақханада "Коузи" энергия үнемдейтін конвекторлық батареялары орнатылды. Бүгінгі таңда осы мекемелердің сыныптары мен басқа бөлмелеріндегі температура 23-25 градусқа дейін жетті. Оқу орындары штаттық режимде жұмыс істеп тұр, - делінген хабарламада.
Өңір басшысы кеншілер қаласын жылумен қамтамасыз ету жағдайын бақылауда ұстауды және Екібастұз ЖЭО-ың тұрақты жұмыс істеуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев