Кабельмен түскен: Павлодарда үш жігіт 9-қабатқа терезеден кіріп, тонап кетті
Олар терезені сындырып, мүлікті ұрлаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел іздестіру іс-шаралары барысында Набережная көшесінде ұрлық жасады деген күдікпен 20-24 жастағы үш тұрғын ұсталды.
– Пәтер иесінің демалысқа кеткенін білген жастар үйдің төбесінен 9-қабатқа кабель арқылы түсіп, ақша мен алтын сағаттарды ұрлап кеткен. Жалпы шығын 800 мың теңгені құрады, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Сондай-ақ мамыр айының соңында Екібастұз қаласында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған күні құны 200 мың теңге болатын ноутбук ұрлаған 42 жастағы тұрғын ұсталған. Ер адам Минин көшесіндегі жеке үйге пластикалық терезені шешу арқылы кірген.
Ведомство басшылығының айтуынша, биылғы жылдың басынан бері 613 ұрлық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға төмен. Жалпы саннан 51 пәтер ұрлығы тіркелді, бұл өткен жылдан 29%-ға төмен.
– Пәтер ұрлығы жазғы уақытта демалыс күндері тіркеледі, себебі көптеген азаматтар демалысқа шығып, үйлерінде болмайды. Бұл ретте, есікті құлыптау құрылғыларының сапасыздығы, азаматтардың өз мүлкінің сақталуына немқұрайлы қарауы ұрлық жасауға қолайлы болады. Зергерлік бұйымдардан бастап, техника мен тамақ өнімдері, көбінесе ақша, алтын бұйымдар, тон, тұрмыстық техника ұрланады. Ұрланған заттар көбінесе базарларға келушілерге сатылады, ломбардтар мен дүкендерге тапсырылады, – дейді Василий Скляр.
Тәртіп сақшылары пәтерді қараусыз қалдырмауға, жеке үйлердің иелеріне үйді күзет дабылымен жабдықтауға кеңес береді.