Павлодарлық ұстаздарға ақша жинау үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертілді
Ақша қаражатын заңсыз жинау фактілері туралы жедел желі арқылы хабарлауға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, мектеп бітіру кештері қарсаңында Павлодар қаласы мектептерінің директорларымен өткен кеңес барысында білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша өзекті мәселелер талқыланды.
Өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі превенция басқармасының басшысы Назымбек Бекжанов заңсыз ақша жинау фактілері анықталған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылғанға дейін кінәлі адамдарға ең қатаң шаралар қолданылатынын атап өтті.
Жиналыста білім беру жүйесінде екі түрлі алымдар бар екені айтылды. Оның біріншісі мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуымен, ал екіншісі мұғалімдерге жеке сыйлықтармен байланысты. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі биылғы жылдың мамыр айының басынан бастап білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ауқымды сыртқы талдауды бастаған.
– Оқушылардың ата-аналары қосымша шығындарды көтермеуі керек. Қазақстанда тегін орта білім ұйымдастырылған, барлық мектептерде ақша жинауға қатаң тыйым салынады, – деді Назымбек Бекжанов.
Айта кетерлігі, өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 8 705 198 90 50 нөмірі бойынша жедел желі телефоны іске қосылған. Аталған нөмір бойынша білім беру ұйымдарында ақша қаражатын заңсыз жинау фактілері жайлы хабарлауға болады. Сондай-ақ республикалық Call-Center 1424 жұмыс істейді.