Павлодарда бірлік күні әр ұлт өкілдері тұрмыстық заттарын таныстырды

Павлодарда бірлік күні әр ұлт өкілдері тұрмыстық заттарын таныстырды
Фото: Валерий Бугаев

Барлық этномәдени бірлестік мүшелері көрме ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ертіс жағалауындағы Ertis Promenade сахнасында 1 мамыр мерекесі аталып өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай жеті киіз үй тігіліп, өңірімізден 24 этномәдени бірлестігі мен қалалар және аудандардың белсенділері тұрмыстық заттары мен қолданбалы өнері бойынша көрме ұсынды.

–   Көрмеге Ертіс өңірінің тұрғындарының заттары әкелінді. 150 жылдың алдында тігілген көйлекті көруге болады, – дейді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Қымбат Досжанова.

Корейлер қауымдастығы, «Айриник» армян, фин-угор, татар-башқұрт, «Фанагория», фин-угор «Беларусь», поляктар, әзербайжан және украин этномәдени орталығының өкілдері  ұлттық киімдер мен әшекейлер, аксессуарлар, киім, арт-объектілер, кәдесыйлар өз қолымен жасаған көптеген заттарын көрмеге қойды.

–          Біз үлкен және тату отбасында тұрамыз. Бәріміз достықты қолдаймыз, өзге ұлттардың салт-дәстүрін құрметтейміз, – дейді украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Анатолий Неумывако.

Ол Қазақстанда өмір сүргендіктен әр ұлттың мәдениет, салт-дәстүрін құрметтеумен бірге танысуға тырысатынын айтады.

Айта кетейік, стендтер тұрған креативті көше арбатының атмосферасы – жас кәсіпкерлер, қолөнершілер мен шеберлер бұйымдарын ұсынды.

Сондай-ақ, мерекелік іс-шара кезінде мега асық, тымақ ату, соқыртеке, бұқтырғыш, қалалар, лапта, лапти, етік лақтыру, батыр, қарагие, корнхол сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Еске салайық, «Ertis Promenade» сахнасының алдында қалалар мен аудандардың Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық білім беру саласының өкілдерінің қатысуымен жаппай шеру өтіп, жалпы 1200 адам қатысты. Сонымен қатар, көрермендер Нұрболат Абдуллиннің концертін тегін тамашалады.