Жайылым аз, егістік көп: Павлодарда жерді қайта бөлу қалай жүргізіледі

Жайылым аз, егістік көп: Павлодарда жерді қайта бөлу қалай жүргізіледі
Фото: Константин Шелков

Ақтоғай, Баянауыл және Екібастұзда жайылым көбейіп, Павлодар мен Ертісте егістік алқаптары ұлғаймақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында жер қатынастары саласындағы жұмыстардың қорытындысы шығарылды. Жүргізілген талдау нәтижесінде Ақтоғай, Баянауыл және Екібастұз аудандарында мал шаруашылығының белсенді дамуына байланысты егістік жерлер жайылымға ауыстырылуда. Ал Павлодар және Ертіс аудандарында, Ақсу қаласының ауылдық аймағында, сондай-ақ Тереңкөл мен Аққулы аудандарында керісінше, өсімдік шаруашылығының көлемін арттыру үшін жайылымдық жерлер егістікке ауыстырылуда. 

Суармалы егіншілікті дамыту Мемлекет басшысы тарапынан аграрлық саясаттың стратегиялық басымдығы ретінде айқындалған болатын. 2025 жылы суармалы алқаптардың көлемі 11,6 мың га ұлғайып, 191,2 мың га жетті. Жер пайдаланушылар қаражаты есебінен 3,5 мың га аумақта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша 10 жоба іске асырылып, суармалы алқаптардың нақты көлемі 85 мың га жеткізілді. 2026 жылы жалпы аумағы 2 мың га жуық бес суармалы егіс алқабын іске қосу жоспарлануда. 

- Ағымдағы жылы Курчатов қаласының 11 мың га аумағын Абай облысына беруіне байланысты облыс пен елді мекендер шекараларын реттеу, сондай-ақ Павлодар облысының Баянауыл ауданы мен Қарағанды облысының Осакаров ауданы арасындағы көпжылдық жер дауын түпкілікті шешу жұмыстары аяқталуы тиіс. 2026 жылы бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының 434 мың га жерін Май ауданының запастағы жер қорының санатына ауыстыру жоспарланған. Бұл аумақтарда шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға, пайдалы қазбалар кен орындарын игеруге және су нысандарын пайдалануға мүмкіндік бар, - делінген баспасөз хабарламада. 

2025 жылдың қорытындысы бойынша жерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту жоспары 196,1 мың га көлемінде (жоспар бойынша 180 мың га) орындалды. 2026 жылға 238 мың га көлемінде жоспар белгіленді. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жоспары да артығымен орындалды: жоспарланған 130 мың га орнына 142,7 мың га қайтарылды. 2026 жылға 70 мың га жерді қайтару көрсеткіші бекітілді. 

Жайылымдық жерлер тапшылығы өзекті мәселе болып қала береді. Өңірдің 80 ауылында жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылым тапшылығы 109,9 мың га құрайды. Халықтың қажеттілігі үшін қазірдің өзінде 10,9 мың га жер қайта бөлінді. Жайылым тапшылығын жою бойынша Жол картасы әзірленуде, сондай-ақ жердің тозуы мен шөлейттенуіне қарсы шаралар, оның ішінде өнімділігі төмен учаскелерді шалғындандыру және бүлінген аумақтарды рекультивациялау бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы жерлерін қоспағанда, облыстың үш қаласының елді мекендеріндегі жер учаскелері жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры арқылы онлайн-форматта ұсынылуда. 26 қаңтардан бастап үш мемлекеттік қызмет іске қосылды: жалға алу мерзімін ұзарту, нысаналы мақсатын өзгерту және жер учаскелерін жеке меншікке сату. 

Өңір басшысы қала және аудан әкімдеріне жер қатынастары басқармасымен бірлесіп, 2026 жылғы 1 шілдеге дейін бұрын қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту жұмыстарын аяқтауды, 70 мың га жерді қайтару жоспарын орындауды, 1 желтоқсанға дейін елді мекендер шекараларын реттеуді, 2026 жылғы 15 шілдеге дейін тозған жерлерді қалпына келтіру шараларын қабылдауды, сондай-ақ 2026 жылғы 1 тамызға дейін қоғамдық жайылымдар тапшылығын қысқартуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Цифрлық технологиялар басқармасына жер қатынастары басқармасымен бірлесіп, 2026 жылғы 1 сәуірге дейін жалға алу мерзімдеріне мониторинг жүргізу, жер балансын қалыптастыру және жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалану бойынша цифрлық модульдерді енгізуді пысықтауды тапсырды.