Куәлігінен айырылса да мас күйде көлік айдаған павлодарлық ұсталды

Куәлігінен айырылса да мас күйде көлік айдаған павлодарлық ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тәртіп сақшылары тексеру кезінде жүргізушінің бұған дейін 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылғанын анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласында полиция қызметкерлері күдікті «ГАЗ-24» маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру барысында көлік тізгінінде отырған 68 жастағы жергілікті тұрғынның алкогольдік масаң күйде болғаны белгілі болды. Медициналық куәландыру ер адамның орташа дәрежедегі масаңдық жағдайында екенін растады.

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, бұзушы ағымдағы жылдың тамыз айында сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылған болатын. Алайда ол белгіленген шектеуге қарамастан қайтадан рөлге отырған.

Аталған автокөлік арнайы мамандандырылған тұраққа қойылды. Қазіргі уақытта оқиға бойынша тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары мас күйде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретінін еске салады.