Павлодарда Lexus жүргізушісі жылдамдықты асырудан антирекорд орнатты

Павлодарда Lexus жүргізушісі жылдамдықты асырудан антирекорд орнатты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жол ережесін жүйелі түрде бұзған көлік иесі камералардың объективіне бірнеше рет іліккен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде «ZEREK 2» жүйесі, «Кибер-шериф» және «Ekin Patrol G2» кешендерінің көмегімен жылдамдық режимін шамадан тыс асырудың 133 мыңға жуық дерегі тіркелген. Тәртіп сақшылары мен заманауи аппараттық құрылғылар жол қозғалысын тәулік бойы бақылауда ұстайды.

Тексеру кезінде ереже бұзу деректері бойынша «Lexus RX 330» маркалы автокөліктің жүргізушісі көзге түскен. Аталған көлік иесі жылдамдықты шектен тыс асыру дерегі бойынша 14 рет заң бұзып, камераларға түсіп қалған. Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған қомақты көлемде айыппұл салынды.

– Жүргізушілер белгіленген жеріне тезірек жету үшін асығып, әр минутты үнемдеуге тырысады. Алайда үнемделген бірнеше минут өз өміріңіз бен өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіруге тұрмайтынын ұмытпаңыз, – деп ескертті полиция өкілдері.

Еске сала кеттейік, өңірде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жылдамдықты тіркейтін интеллектуалды жүйелер мен патрульдік кешендер жұмысын жалғастыруда.