Баянауыл ауданының таулы жерінде табиғи өрт шықты
Тілсіз жауды сөндіру жұмыстары әлі де жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары, Жаңатілек және Қаратомар ауылдарындағы ауылдық құтқарушылардың посттары, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің және «Ертіс орманы» резерватының қызметкерлері, Баянауыл ауылының ерікті құрылымдары жұмылдырылды. Сондай-ақ жұмыстарға ТЖМ «Қазавиақұтқару» әуе кемесі тартылды.
– Тілсіз жаумен күреске барлығы 80-нен астам адам мен 30 техника жұмылдырылған. Өртті сөндіру және іргелес аумақтарды қорғау мақсатында үш учаске мен жедел штаб құрылды, – деп хабарлады ҚР төтенше жағдайлар министрлігі. – Өртті сөндіру жұмыстары қатты желге, таулы жер бедеріне және аумақтың жетуі қиын болуына байланысты күрделеніп отыр.
Қазіргі уақытта өртті түпкілікті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Елді мекендерге қауіп жоқ. Жағдай төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауында.