Май ауданында мотоцикл апатынан ер адам қаза тапты

Май ауданында мотоцикл апатынан ер адам қаза тапты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар облысында жыл басынан бері мотокөлік құралдарының қатысуымен 29 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Полицияның мәліметінше, жаз мезгілінде жолдарда мотоциклдер санының артуына байланысты олардың қатысуымен болатын жол апаттары да көбейген. Мұндай оқиғалардың негізгі себептері – жылдамдықты асыру, жол қозғалысы қағидаларын сақтамау, жүргізушілердің тәжірибесінің жеткіліксіздігі және қорғаныс құралдарын пайдаланбау.

– Жыл басынан бері облыс аумағында мотокөлік құралдарының жүргізушілерінің қатысуымен 29 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан бір адам қаза тауып, тағы 38 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды, – деді облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қуаныш Мұстафинов.

Қайғылы оқиғалардың бірі Май ауданында болған. Ақшиман ауылының маңындағы дала жолында LTM маркалы мотоциклдің жүргізушісі көлікті басқара алмай, аударылып кеткен. Ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Осыған байланысты полицейлер мотоцикл жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Тәртіп сақшылары жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын тексеріп, міндетті түрде мотошлем мен қорғаныс құралдарын пайдалануға, белгіленген жылдамдықты асырмауға, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға және қауіпті маневрлерден бас тартуға кеңес береді.

Полиция жолдағы қауіпсіздік әрбір жүргізушінің жауапкершілігіне байланысты екенін еске салып, жол қозғалысы қағидаларын сақтау адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі екенін атап өтті.