Павлодарда көлік өрттері көбейді: жүргізушілер нені ескермейді?

Павлодарда көлік өрттері көбейді: жүргізушілер нені ескермейді?
Фото: Әсет Темірбаев

Қарапайым қателік жалынға әкелуі мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жыл басынан бері шаһарда автокөліктердің жануына байланысты 45 жағдай тіркелді. Оқиға кезінде адам шығыны мен зардап шеккендер болған жоқ. Дегенмен, мамандар бұл көрсеткіштің аз емес екенін айтып, көлік иелерін техникалық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

– Өрттердің негізгі себептері – электр сымдарының қысқа тұйықталуы мен жанар-жағармайдың ағуы. Сонымен қатар, көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу, техникалық қызметтің уақытында жүргізілмеуі және газ-баллон жабдықтарын қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы да себеп болып отыр, – деді облыстық  төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Асқар Бүркітбаев.

Алты ай ішінде болған 45 оқиғаның үшеуі газ-баллонмен жабдықталған көліктерде болды. Ал электр автомобильдерінің қатысуымен бірде-бір жағдай тіркелмеген.

Асқар Бүркітбаевтың айтуынша, соңғы жылдары газбен жүретін көліктер саны артып келеді. Көп жағдайда мұндай жүйелер зауыттан орнатылмай, кейін қосылады.

– Негізгі себеп – газдың бензинге қарағанда арзандығы. Сондықтан газ-баллон жабдықтарын тек лицензиясы бар мамандандырылған ұйымдарда орнатып, жоспарлы техникалық қызмет көрсетуді уақытылы жүргізу қажет. Сонымен қатар, жүйенің дұрыстығы, редукторлар, сүзгілер, құбырлар, вентильдер мен барлық қосылыстар үнемі тексеріліп отыруы керек, – деді бас маман.

Мамандар көліктердегі өрттің алдын алу бойынша тұрақты түрде профилактикалық рейдтер ұйымдастырады. Кезекті шара газ-баллон жабдықтарын кәсіби түрде орнататын арнайы ұйымда өткізілді. Іс-шара барысында мамандар газ жүйесінің қауіпсіздігін, жарамды және жарамсыз өрт сөндіргіштердің айырмашылығын көрсетті. Сондай-ақ электр автомобильдеріндегі өртті сөндірудің тиімді тәсілдері таныстырылды.

– Электр автомобильдеріндегі өртпен күресу үшін арнайы «тасбақа» деп аталатын өрт сөндіру оқпаны қолданылады. Бұл құрал бөлімнің жарағына өткен жылы енгізілді. Қазіргі уақытқа дейін оны іс жүзінде пайдалану қажеттілігі туындаған жоқ, – деді Асқар Бүркітбаев.

Подполковниктің сөзінше, автокөліктердегі өрттердің басым бөлігі қыс мезгілінде болады. Себебі, кейбір жүргізушілер оталмай қалған қозғалтқышты дәнекерлеу шамымен немесе басқа да қыздыру құралдарымен жылытуға тырысады. Ескі көліктерде электр сымдарының оқшаулағышы тозып, қысқа тұйықталу қаупі артады. Бұған қоса, қозғалтқыш бөлігіндегі шлангілер мен патрубоктардан аққан жанармай ыстық бөлшектерге түсіп, өрттің шығуына себеп болуы мүмкін.

Көбіне жалын қозғалтқыш бөлігінен басталады. Егер жүргізуші түтінді немесе күйік иісін байқаса, көлікті дереу тоқтатып, жолаушыларды қауіпсіз жерге шығару қажет. Мүмкіндік болса, қуат көзінің қысқыштарын ажыратып, ұнтақты өрт сөндіргіш арқылы бастапқы кезеңде сөндіруге болады. Алайда кез келген жағдайда 101 қызметіне хабарласу міндетті.