Майқайыңда опырылған шұңқырдың түбіне техника түсірілді
Құлаған жұмысшылардың жеке заттары табылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен аумағында іздестіру жұмыстары жалғасуда. Автобустың болжамды орналасқан жеріне арнайы техниканың кіруі үшін өткелді тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Осы уақытқа дейін барлығы 200 мың тоннадан астам топырақ пен тау жыныстары шығарылды.
– Сағат 14.45-те «Майқайың-алтын» АҚ аумағындағы опырылған шұңқырдың түбіне шағын көлемді экскаватор түсірілді. Жұмыстар асқан сақтықпен және шұңқырдың бүйір қабырғаларының құлау қаупінің сақталуына байланысты барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізілуде, – деді облыс әкімдігінде.
Жұмыстарды жүргізу кезінде жұмыс құжаттатары және жол-сапар журналы бар құтқарушылардың сөмкесі, сондай-ақ, мемлекеттік тіркеу нөмірі бар автобустың шанақ бөлшегі табылды.
Автобустың болжамды орналасқан жеріне дейінгі топырақты қазып алу міндеті қойылған шағын экскаватордың жұмысы аяқталғаннан кейін мамандар оны жоғары көтеру жұмыстарын бастайды.
Іздестіру жұмыстарына барлығы 141 адам, 50 техника, 1 кинологиялық есеп және 2 дрон жұмылдырылған.