Мемлекеттік рәміздер күні: Павлодар жастары патриоттық альянста бас қосты
Іс-шараға өңірдің қала-аудандарынан келген 100-ден астам белсенді жас, студенттер, еріктілер, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауқымды кездесудің мақсаты – жастар арасында патриоттық құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді насихаттау және белсенді жастардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.
Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова Мемлекеттік рәміздер күні ел бірлігін нығайтып, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруда ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

– Бүгінгі альянс аясында жастар мемлекеттік Туымыздың, Елтаңбамыздың және Әнұранымыздың маңызын талқылап, мемлекеттік рәміздерді қастерлеудің мәніне назар аударды. Бұл кездесу жастардың ел болашағына деген жауапкершілігін арттырып, азаматтық ұстанымын нығайтуға бағытталған. Биыл біз алғаш рет осындай форматтағы патриоттық жастар альянсын өткізіп отырмыз, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, кездесуге облыстың барлық қала және ауданынан арнайы делегаттар шақырылған. Олардың қатарында жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, еріктілер қозғалысының мүшелері, жастар ұйымдарының өкілдері және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүрген жастар бар.
Шара барысында қатысушылар патриотизмді қалыптастыру, жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау, сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы жұмыстарды талқылады. Еркін форматтағы пікір алмасу алаңында жастар өз тәжірибелерімен бөлісіп, өңірдегі қоғамдық бастамаларды дамыту мәселелерін көтерді.
Альянсқа қатысқан Екібастұз қаласындағы №14 жалпы орта білім беру мектебінің математика пәнінің мұғалімі Архат Жанатов мұндай кездесулердің жастар үшін маңызы зор екенін айтты.
– Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс өтіп жатқан бұл шараның тәрбиелік мәні ерекше. Осындай кездесулер жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, қоғамдық белсенділігін күшейтеді, – деді ұстаз.
Шара аясында өңірдің қоғамдық өміріне белсенді араласып жүрген жастарды марапаттау рәсімі де ұйымдастырылды. Арнайы алғыс хаттар мен марапаттар қоғам дамуына, еріктілік қызметке, жастар саясатын жүзеге асыруға және патриоттық тәрбиені насихаттауға үлес қосқан азаматтарға табысталды.
Марапатталғандардың қатарында облыстық GTF таэквондо федерациясының жетекшісі Артём Граблев те болды. Оның айтуынша, спорт пен патриоттық тәрбие әрқашан қатар жүруі тиіс.
– Біз үшін патриоттық тәрбие өте маңызды. Спорт залымызда үлкен Қазақстан Республикасының Туы ілулі тұр. Әр сенбі сайын жаттығуды Мемлекеттік Әнұранмен бастаймыз. Спортшыларымыз Әнұранды бірге орындайды. Осы арқылы біз жас буынның бойына отансүйгіштік қасиетті, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлеміз, – дейді федерация жетекшісі.
«Қазақстан жүрегімде» патриоттық жастар альянсы – өңірде патриотизмді дамытуға бағытталған кешенді жобалардың бірі. Жоба аясындағы іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасып, облыстың барлық қала-аудандарындағы жастарды қамтитын болады.