Ақсуда қоғамдық көлік бағыттары оңтайландырылды

Ақсуда қоғамдық көлік бағыттары оңтайландырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бірақ автобустардың жүру аралығы бұрынғыдай 20-30 минут болып сақталды, деп хабарлайды @pavlodarnews.kz.

Ақсу қаласында тұрғындар үшін қоғамдық көлік қызметін жақсарту мақсатында биылғы жылғы шығарылымдағы жаңа автобустар пайдалануға берілді. Бұл туралы Ақсу қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бейбіт Азаматов мәлімдеді.

Оның айтуынша, сыйымдылығы 56 орындық, оның ішінде 25 отыратын орны бар 4 автобус сатып алынған. Автобустардың екеуі №1 қалалық бағытқа, біреуі №11 бағытқа, тағы бірі «Өткел» бағытына шығарылды. «Өткел» бағыты Амангелді көшесінің ескі бөлігі арқылы өтеді.

– №1 бағыттың ұзындығы 22 шақырымды құрайды, күніне 82 рейс жасалады. 2024 жылдан 2025 жылдың тамызына дейін бұл бағытпен 249 мыңнан астам жолаушы тасымалданды, – деді ол.

Оның айтуынша, №1 бағытты оңтайландыру нәтижесінде ұзындығы 1 шақырымға артып, №14 және №15 шағын аудандарын қамтитын болды. Соған қарамастан, автобустардың жүру аралығы бұрынғыдай 20-30 минут болып сақталды. Жылдық субсидия сомасы – 104 миллион теңге, ал бюджеттік қаражаттан 13 миллион теңгеден астам үнемделмек.

Сонымен қатар, №2 бағытқа да өзгерістер енгізілді. Оның ұзындығы 28 шақырымды құрайды. Бұған бір үлкен автобус бекітілді. Ол тек таңертеңгі «6:30, 6:40, 6:55, 7:18, 8:10» және кешкі 18:00 уақытта қатынайды. Күндізгі уақытта автобус қызметкерлерді тасымалдау режимінде жұмыс істейді. 

– Бұрын бұл бағытта 4 автобус қозғалған еді, жалпы ұзындығы 39 шақырым болып, күніне 92 рейс жасалатын, – дейді Бейбіт Азаматов

Ақсуда қоғамдық көлік инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Жаңа автобустардың іске қосылуы тұрғындардың күнделікті қозғалысын жеңілдетіп, қала ішінде қатынаудың қолайлылығын арттырмақ.