Павлодарлық Еңбек ері Мәмәйіт Омаровтың туғанына 120 жыл толды

Оның есімі «Алтын кітапқа» жазылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мәмәйіт Омаров – ауыл шаруашылығының озаты, «Құрмет белгісі» және екі мәрте «Ленин» орденімен марапатталды. 1966 жылы Қазақстан Орталық Комитеті коммунистік партиясының Құрмет дипломымен марапатталып, Жоғары Кеңес Президиумы мен Қаз КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен Мәмәйіт Омарұлының есімі «Алтын кітапқа» жазылды.
– Елім, жерім деп жалықпай, талмай еңбек етіп, ерлік пен парасаттылықтың үлгісін көрсетіп кеткен Мәмәйіттей ақсақалдың есімі қандай да болмасын құрметке лайық, – дейді М. Омаров ауылы кітапхансының қызметкері Жансая Есенқызы.
Мәмәйіт Омарұлы 1905 жылдың 7 қаңтарында Павлодар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1919 жылы қарапайым жұмысшыдан бастаған. 1932 -1937 жылдар аралығында Шақат кеңшарында еңбек етті. 1937 жылдан бастап Ермаковский кеншарында жұмысшы, 1938 жылы осы кеңшарда бөлімше меңгерушісі, одан кейін 1940 жылы Алматыдағы директорлар дайындайтын курска жіберіледі. Курсты бітіріп келгеннен кейін Жолкұдық кеңшарында директордың орынбасары, кейін Бесқарағай кеңшарында директор болған. Ал, 1947 жылдың мамыр айынан 1972 жылға дейін Ермаковский кеңшарының директоры болып қызмет атқарған.
–Мәмәйіт Омарұлы ширек ғасыр осы кеңшарға басшылық ете отырып, шаруашылыктың өркендеуіне, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының дамуына, экономика мен әлеуметтік салаларының дамуына сүбелі үлес қосып, кеңшар сол кезде облыстағы көп салалы, болашағы зор, озат шаруашылықтардың біріне айналды, – дейді ол.
Мәмәйіт Омарұлы басқарған шаруашылық жыл сайын жоғары өндірістік көрсеткіштерге жетіп отырған. Әсіресе, кеңшар еңбеккерлері мемлекетке ет, жүн, сүт тапсыру жоспарын мерзімінен бұрын артық орындап, мал басын аман сақтап қалған. Сондай-ақ, мал тұқымын асылдандыруда және егін шаруашылығында сапалы өнім алуға қол жеткізген Мәмәйіт Омаров ауылы (Ермаковский кеңшары) облыстағы «миллионер» шаруашылыққа айналады. 1950 жылдан бастап кеңшар «Алтай мериносы» қой тұқымын өсіріп, көптеген жетістіктерге жетеді. Шаруашылықтағы 20 мың қойдың 35%-і асыл тұқымды болып, 1970 жылы әр қойдан 5 кг жүн кырқылады. Сол жылдары кеңшарда құрылыс жұмыстары да ерекше қарқынмен жүргізіледі. Тұрғын үйлер мен халыққа мәдени қызмет көрсететін нысандар салынып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқаты жақсарады. Ұйымдастырушылық қабілетімен және біліктілігімен ауыл экономикасын жоғары деңгейге көтере білген Мәмәйіт Омарұлы көпшіліктің кұрметіне бөленіп, ауыл шаруашылығын өркендетуге қосқан ерең еңбегі үшін үкіметтік жоғары марапаттарға ие болады.