Екібастұз әкімі кәсіпкерлерді жаңажылдық сиқырды жасауға шақырды
Үздік жұмыстар ақшалай сыйлықпен марапатталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кездесуде қала басшысы мерекелік көңіл-күй мен қалалық безендірудің жоғары деңгейін қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барлық қала тұрғындары мен кәсіпкерлердің де ортақ міндеті екенін атап өтті.
– Әсем безендірілген қасбеттер, витриналар мен кіреберіс топтар қаланы үйлесімді, тартымды әрі мерекелік сипатқа енгізеді. Шынайы Жаңа жылдық көңіл-күйді сыйлайтын гирляндалар, шырша бұтақтары және жарық элементтері дүкенге немесе кафеге кірмес бұрын-ақ тартып тұратын атмосфера қалыптастырады, – деді әкім.
Қала әкімі Жаңа жыл әрбір кішкентай оттан басталатынын айтып, барлық бизнес субъектілерін «Жаңа жылдық сиқырды жасауға» белсенді қатысуға шақырды. Сонымен қатар, бастамаға қатысқандарды ынталандыру мақсатында арнайы байқау жарияланды.
– Жаңажылдық безендіру қорытындысы бойынша біз үздік жұмыстарды анықтап, оларды ақшалай сыйлықтармен марапаттаймыз. Байқауға бизнес субъектілерімен қатар, көпқабатты тұрғын үйлерді басқару органдары да қатыса алады, – делінген хабарламада.
Қаланың мерекелік безендірілуі 17 желтоқсаннан бастап толыққанды түрде жанданып, қала көшелері мен нысандары мерекелік жарықпен толтырыла бастайды.