«Наурыз» бағдарламасы: Павлодарлықтарға баспана алу мүмкіндігі ұсынылады
Ел бойынша тоғыз мыңнан астам өтінім қабылданған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Отбасы банк» АЖ-ның бизнес дамыту бөлімінің бастығы Арман Нұрғаламов мәлім етті.
– Бүгінгі таңда ел бойынша тоғыз мың өтініш қабылданды. Бұл бағдарлама бойынша барлығы 300 миллиард теңге бөлінді. Өтініштерді қабылдау маусым айының 30-ына дейін жалғасады, – дейді Арман Нұрғаламов.
Спикердің мәліметінше, алғашқы жарна – 20 пайыздан бастап қабылданады. Өтініш беру барысында депозитте бір миллион теңге қаражат болуы тиіс.
Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме жеті пайызды құрайды. Ал азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме тоғыз пайызды құрайды. Несие 19 жылға дейін беріледі. Жобаға 18 жастан 63 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады.
Айта кету керек, бұл жоба арқылы Қазақстанның 12 мың азаматы баспаналы болады. Бағдарламаға қатысу үшін өтінішті Baspana Market (otbasybank.kz) тұрғын үй порталы арқылы қалдыру керек.