Павлодарда саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты зерттелмеген құжаттар көрсетілді
Қазақстанның ниет білдірген кез келген азаматы құжаттармен жұмыс істей алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының мемлекеттік архивінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жиын өтті. Жиын барысында тың деректер ұсынылған көрме ұйымдастырылды.
Жиынға архив ісінің ардагерлері, ғалымдар, ЖОО оқытушылары, студенттер қатысты.
– Репрессия тақырыбына қатысты әлі ашылмаған тұстар бар. Қазақстанда архивтер ашық. Осы архивтерде құнды құжаттар бар. Сондықтан біз қорымыз қаншалықты бай екенін көрсеткіміз келеді. Зерттеуге алуға болатын қызықты тұлғалар да бар. Біз бүгін фотоқұжаттық көрме дайындадық. Көрме Павлодар уезінен шыққан Алаш қайраткерлері туралы, – деді Павлодар облысының мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Надежда Кубик.
Оның айтуынша, ұсынылған құжаттар – сол кездегі атқарушы органдардың, партияның құжаттары. Бұл құжаттар алғаш рет көпшілік назарына ұсынылуда.
Оған қоса, қуғын-сүргін құрбандарына қатысты 2016 жылы облыстық прокуратурамен құпиясы ашылған құжаттар бар. Бұл – сол кезде түрмеде отырғандарға қатысты құжаттар.
– Құжаттар бізге 1917-1919 жылдары Павлодар уезінде Алаш партиясының уездік комитеті жұмыс жасағанын көрсетеді. Жетекшісі Қабыш Бердалин болған. Оның да құжаттары бар. Сондай-ақ Алаш партиясының белсенді қайраткерлерінің арасында Арын Сүлейменов, Мұқыш Боштаев, Күзембаев және өзге де жерлестеріміз болған. Олар туралы құжаттарды да табуға тырыстық, – деді Надежда Кубик.
Бұл құжаттар ҚР Президенті архивінен, Павлодар облыстық мемлекеттік архивінен және Семейдегі қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығынан алынған.
Аталған құжаттар әлі зерттелмегендіктен олармен студенттер, ғалымдар, кез келген Қазақстан азаматы жұмыс жасай істейді.