Танымал әнші The Limba павлодарлық жанкүйерінің арманын орындады

Танымал әнші The Limba павлодарлық жанкүйерінің арманын орындады

Әнші Imanbek-пен бірге жанкүйерін концертке ертіп келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  

The Limba лақап атымен танымал Мұхаметәлі Ахметжанов инстаграм әлеуметтік желісінде павлодарлық жанкүйерінің тілегін орындаған сәтімен бөлісті. 13 жастағы Павлодар тұрғыны Назар Олжабаев әншінің концертіне бара алмағанына қатты ренжіп, жылаған сәтін оның әпкесі Жанна видеоға түсіріп алған. Сол бейнені инстаграмға The Limba орындаушысын белгілеп, салып жіберген. The Limba жас жанкүйерінің көз жасына шыдай алмай, Назардың әпкесіне інісін концертке апарып, сахнаға шығарамын деп жауап берген.

Назар Олжабаев не үшін жылағанын, ренжуінің себебін Pavlodarnews.kz  тілшісіне айтып берді. 

– Мен The Limba концерті 15 шілдеде болады деп ойлап жүргем. Ал 14 шілдеде нағашыма Розовка ауылына көмектесуге барған едім, – дейді Назар. 

The Limba ақсулық диджей Imanbek-пен бірге жанкүйерінің арманын орындау үшін бала жүрген Розовка ауылына дейін  барған. 

– The Limba маған келгенде мен сасқалақтап, қуанғаннан тағы жылап жібердім, – деп бөліседі Назар. – Мен оның әндерін сүйіп тыңдайтыныма 3 жыл болды.

Назардың әпкесі орындаушының әрекетіне қатты риза болды.

– Мың баланың ішінен бір балаға ұмытылмас эмоциялар сыйлағаны үшін және армандардың орындалуы мүмкін екенін көрсеткені үшін миллиард рет алғыс айтамын, – дейді Жанна Мамырханова.

Концерт барысында әнші сахнада  Назармен бірге «X.O» әнін орындады.

Еске сала кетейік, Павлодарда 14 шілдеде металлургтер күніне орай ұйымдастырылған концертте әйгілі қазақстандық әнші The Limba өнер көрсеткен болатын.

Фото: Есенжол Исабек