Павлодар ауданының Заря орта мектебінде оқушылар футболды дронмен ойнай бастады

Өңір бойынша мұндай сабақтар тек осы мектепте өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сабақтар аптасына екі рет ұйымдастырылады. Ұстаздардың сөзінше, футболдың бұл түрі классикалық ойынға қатты ұқсайды.
— Сабақтарға кәдімгі футбол ойнайтын балалар қатысады. Бұл жерде де командалық рух, дәлдік және жылдамдық керек. Ерекшелігі тек допты аяқпен тепкеннің орнына, дронмен ойнайды, — деп пайымдады дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, футбол бапкері Ермек Тілек.
Қор бөлген қаражаттың арқасында мектептің материалдық базасы жаңартылды. Барлық сыныптарға заманауи электронды тақталар, биология және химия пәндерінің зертхана кабинеттерінде моноблоктар ауыстырылды.
— Өткен жылы оқушыларға VR көзілдіріктер алынды. Олардың арқасында балалар биология, химия сабақтарында 3d форматта зерттеу жұмыстарын жүргізе алады, – деді Заря жалпы орта білім беру мектебінің директоры Гүлжанар Жанкаринова.
Мекеме басшысының сөзінше, мұндай өзгерістер оқушылардың оқу көрсеткішіне оңтайлы әсер етті. Өткен оқу жылының қорытындысы аясында аталмыш пәндер бойынша шәкірттер олимпиадалардан жүлделі орындар иемденіп, бірнеше ғылыми жобаларды республикалық деңгейде қорғады.
Гүлжанар Жанкаринованың пайымдауынша, ғылымға баулу бастауыш сыныптан жүзеге асып жатыр.
— Бүлдіршіндеріміз арнайы жабдықталған STEM кабинетінде роботтарды құрастырумен айналысады. Сондай-ақ ғылым сабақтарында олар жеңілдетілген эксперименттер өткізеді, – деп түсіндірді мекеме басшысы.
Қазір мектеп мұғалімдері Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздарымен тығыз жұмыс жасап жатыр. Мұғалімдер тәжірибе алмасып, түрлі семинарларға қатысып, біліктіліктерін арттыру үстінде.
Білім ордасы республика бойынша ТОП-100 мектептің қатарына енді. Қазіргі уақытта ол Заря округінің тірек мектебі деп саналады. Оның құрамына 3 қосалқы білім ордасы кіреді.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын үйлестіру орталығының жетекшісі Шыңғыс Шарапиевтің айтуынша, ұйымның басты мақсаты – ауылдағы мектептерге қолдау көрсету.
— Қорымыздың басты міндеті – ауылды жерлердегі мектептерге қолдау көрсетіп, білім алуға тең мүмкіндік жасау. Сондықтан да, біз тірек мектептерге басты назар аударамыз, — деді Шыңғыс Шарапиев.
Еске сала кетейік, қор өкілдерінің жұмыс сапары аясында қаламыздағы облыстық балаларды оңалту орталығын, №1 балабақша-мектеп-интернат арнайы кешенінің жұмыстарымен танысып шыққан еді.