Павлодарлық мектеп өз дауысын ешқашан естімеген балалардың арманын орындауда

Есту қабілеті бұзылған бүлдіршіндер ерекше микрофон арқылы жанды дауыстарын сезу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілші
№1 балабақша-мектеп-интернат арнайы кешені 100 балаға арналған. Оның құрылымында балабақша мен мектеп бар. Қазіргі таңда 98 тәрбиеленуші білім алуда.
–Толық есту қабілеті бұзылған балалардан бөлек, бізде нашар еститін балаларға арналған арнайы үш сынып бар. Ол жерлерде мүлде басқа әдістеме қолданылады. Мысалы, логопед кабинетінде «ақылды айна» арқылы жұмыс жүргізіледі. Әр балаға жеке тәсіл қарастырылады, – дейді мекеме басшысы Нұрсәуле Төлемісова.
Кешен мақтаныштарының бірі — алты балаға арналған аудио-сынып. Бұл кабинет 2017 жылдан бастап облыстық бюджет есебінен кезең-кезеңімен жабдықталып келді. Ал «Қазақстан халқына» қордың қолдауымен бұл сынып заманауи құрал-жабдықтармен толықты.
– Есту қабілеті жоқ балалар дыбыс күшейткіш аппараттар арқылы оқу бағдарламасын толық меңгере алады. Бұл құрылғылар арқылы олар сөйлеуді үйренеді, ерін арқылы оқуды меңгереді. Жаңа жабдықтың көмегімен балалардың сөйлеу қабілеті де, білім деңгейі де айтарлықтай жақсарды, – деді мекеме басшысы.
Сонымен қатар мектепке қор қаражатынан арнайы интерактивті панель сатып алынды. Ұстаздардың сөзінше есту қабілеті бұзылған балалар визуалды түрде ақпаратты жылдам қабылдайды.
– Электронды тақтаның арқасында сабақтар форматы өзгерді. Біз балаларға презентация, онлайн-сабақтар, викториналар қосып береміз. Осылайша олардың сабақтарға деген ынталары артады. Экран үлкен болғандықтан, әрбір деталь анық көрінеді, – деп пайымдады мектеп мұғалімі Мадина Жұматаева.
Мектептің тағы бір ерекшелігі ол балаларды ым-ишарамен ән айтуды үйрету. Қоғамдық қор бөлінген қаражат аясында мекеме мәжіліс залына жаңа жабдықтар орнатылды.
— Микрофондар мен дыбыс пультінің арқасында біз дыбыстарды реттей аламыз, естімейтін балалардың өзі өз дауысын ести алу мүмкіндігіне ие болды. Өз дауысын ешқашан естімеген баланың микрофон арқылы алғаш рет естуі – қандай әсерлі сәт екенін елестетіп көріңізші, – дейді музыка мұғалімі.
Балабақшада екі топ жұмыс істейді: бірі — әр жастағы балаларға арналған, екіншісі — мектепалды топ. Айта кетерлігі, облыс бойынша есту қабілеті бұзылған балаларға арналған жалғыз жабдықталған мектепалды бөлім осы кешенде орналасқан.
Есту және сөйлеу қабілеті бұзылған бүлдіршіндермен жұмыс істеу мақсатында балабақшаға жаңа мультисенсорлы сөйлеу тренажері сатып алынды. Құрылғы арқасында жұмыс істеу бұрынғыдан да тиімді жүргізілуде. Мектеп-интернат мамандарының айтуынша, бұл құрылғы тек дыбысты күшейтіп қана қоймай, баланың өз дауысын сезініп, бақылауына мүмкіндік береді.
–Мен сөйлеп жатқанда микрофон қосылып, түрлі жарық индикаторлары жанады. Бұл – баланың өз дауысын көруіне, сезінуіне, тіпті бақылауына жол ашады, – дейді дефектолог-мұғалім Евгения Краснощекова.
Оның айтуынша, құрылғыда педагог пен балаға арналған бөлек микрофондар бар. Мұғалімнің дауысын тыңдап, бала өз сөйлеуін соған бейімдеп үйренеді.
– Бұрын біз дауыс сезімін тек тактильді жолмен қабылдайтынбыз. Ал енді мұнда арнайы діріл функциясы бар – бала арнайы батырманы басу арқылы өз дауысын сезіне алады. Бұл – өте маңызды мүмкіндік, өйткені әр бала өз дауысын визуалды және физикалық түрде қабылдай алады, – деп түсіндірді маман.
Жаңа жабдықтарды сатып алу үшін қоғамдық қорының қаражатынан 28 миллион 830 мың теңге бөлінді. Алдағы уақытта жергілікті бюджеттің қолдауымен ғимараттың бір бөлігі реконструкциядан өтеді деп жоспарланып отыр. Жоба 11 миллион теңгеге шығады деп күтілуде.
Фото: lareveuse және автор