Павлодар облысында аутизмге шалдыққан балалар қай жерде оңалтудан өтеді?

Павлодар облысында аутизмге шалдыққан балалар қай жерде оңалтудан өтеді?
Фото: автор

Орталық мамандары «Bolashaq» және «Balama» ұйымдарының арқасында ABA-терапия бойынша канадалық мамандардан сабақ алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгінде облыс аумағында балалар арасында мүгедектік деңгейі өсіп келеді, әсіресе аутизм диагнозы бойынша. Бұл жағдай ата-аналардың баласының сөйлеу немесе дамуында кідіріс байқаса, ерте жастан мамандарға жүгінуімен байланысты. Қазіргі уақытта облысымыздың 600 баласында бұл дерт анықталды. 

— Кезекте 400 бала тұр. Балалар орталықта ұзақ мерзімді реабилитация ала алғандықтан, кезек қалыптасты. Мәселені шешу үшін біз қала аумағында тағы бір орталық ашу үшін қолайлы ғимарат іздеп жатырмыз, — деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Бекболатова.

Оның сөзінше, оңалту орталығы жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі мен басқа да менталды ауытқулары бар балаларды да қабылдайды. 

–Осы жылдың 8 айында жиырма бір баланы қабылдадық, — деп пайымдады Әлия Бекболатова. – Орталықтағы әдістемелер халықаралық тәжірибеге негізделген, сондықтан заманауи талаптарға сай мекеме ретінде бағаланады. Осы орайда ата-аналар арасында сұранысқа ие.

Мекеме басшысының айтуынша, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауы аясында орталықтың қызметкерлері халықаралық деңгейде тәжірибе алмасып, білімдерін пысықтауда. Бүгінгі күні орталықта 120 бала реабилитациядан өтіп жатыр. 

— Аутизм спектріндегі бұзылыстары бар алпыс бала орталыққа түске дейін келіп реабилитация жұмыстарын жүргізеді, қалған алпыс бала түстен кейін бізге келеді. Жалпы мекемеде 80 қызметкер жұмыс жасайды, – деді облыстық балаларды оңалту орталығының басшысы Азил Манабаев.

Орталықта ағаш шеберханасы, робототехника кабинеті, тігін шеберханасы және ABA терапия бөлмесі секілді арнайы жабдықталған 30 кабинет бар. Олардың арқасында балаларға күнделікті өмірде қажет болатын дағдылар үйретіледі.

– Төсек жинау, жеңіл тамақ дайындау, киім үтіктеу секілді өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларын үйретеміз. Бізге бұл қарапайым көрінгенімен, балалар үшін бұл үлкен жетістік. Сабақтарымыздың арқасында кейбір балалар үйіне барып, ата-анасына көмектесе бастады, – деді Азил Манабаев.

Сабақтар үшін мамандар роботтарды да қолдана бастады. Олардың сөзінше бұл реабилитация динамикасын жақсартуда.

– Біздің балалардың негізгі проблемасы – қарым-қатынасты құру. Сондықтан оларда сыртқы әлеммен сөйлесуге деген ынтаны ояту маңызды. Ал робот бұл үшін таптырмас құрал. Ол балалармен ойнайды, тапсырма береді және кері байланыс айтады, — деді ABA-терапевт Динар Таңжарық.

Бұл динамиканы балалардың ата-аналары да байқауда. Олардың сөзінше балалар қоғамдық өмірге біртіндеп үйренісуде. 

—Қыздарым орталыққа былтырғы жылдың шілдесінен бастап келіп жүр. Осы уақыт аралығында балаларымда үлкен өзгерістер байқалды: сөздік қоры артты, тынышталды, айналасын жақсы түсіне бастады, – деді орталыққа жүгінген үшемнің ата-анасы Далия Ибадильдинова.

Қыздар логопед, психолог, әлеуметтік педагог, арт-терапия, робототехника сияқты бағыттар бойынша жарты күндік негізде сабақтарға қатысады. Әсіресе музыка мен арт-терапияны ерекше жақсы көреді.

— 3 қыркүйекте Естай атындағы мәдениет сарайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған фестиваль өтеді. Сол гала-концертке қатысуға мүмкіндік алдық. Орталықтың мамандары мен басшылығы бізге барынша қолдау білдіріп отыр, — деді Далия Ибадильдинова. 

Екі жыл бұрын «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен жабдықтар сатып алуға 127 миллион 540 мың теңге бөлінген еді. Осы қаражаттың арқасында орталық сапалы әрі заманауи оңалту қызметтерін көрсету үшін толық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. 

– Жыл сайын жергілікті бюджеттен 260 миллион теңге ғимараттың шығындарына бөлінеді. 80 пайызы – еңбекақы төлеуге, 20 пайызы– өзге де қажетті шығындарға бағытталады, — деді орталық басшысы.

Еске сала кетейік, сәуірде аймақ басшысы Асайын Байханов «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаевамен кездескен еді. Жиын барысында қор аясында облыс аумағында қандай жобалар іске асырылатыны талқыланған .