ҚР Оқу-ағарту министрі: Павлодар облысы білім сапасы бойынша жоғары нәтижелер көрсетті

ҚР Оқу-ағарту министрі: Павлодар облысы білім сапасы бойынша жоғары нәтижелер көрсетті
Фото: автор

Әсіресе, Қазақстан тарихы мен шет тілі пәндерінен білім сапасы 81 пайызды құрап, өңір республика бойынша үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Естай атындағы мәдениет сарайында «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында облыстық тамыз педагогикалық конференциясы өтті.

Биылғы тамыз педагогикалық конференциясы тарихи маңызға ие болды – Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі алғаш рет Павлодар облысының тамыз кеңесіне арнайы қатысып, өңір педагогтерімен бірге білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, жиынға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мен Павлодар облысының педагогтары, ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Дәстүрлі тамыз конференциясы өткен оқу жылының қорытындыларын талқылауға, өңірдегі білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарын айқындауға, сондай-ақ заманауи білім беру технологиялары мен жасанды интеллектті оқу үдерісіне енгізу мәселелерін қарастыруға мүмкіндік берді. 

– 2025-2026 оқу жылындағы білім сапасына жүргізілген талдау Павлодар облысының бірқатар негізгі оқу пәндері бойынша жоғары нәтижелер көрсететін өңірлердің қатарында екенін көрсетті. Атап айтқанда, қазақ тілі, математика, орыс тілі, шет тілі, Қазақстан тарихы, физика, химия, биология және информатика пәндері бойынша оң динамика байқалады. Әсіресе, Қазақстан тарихы мен шет тілі пәні бойынша 81 пайызды, орыс тілі бойынша 80 пайызды, химия бойынша 78 пайызды, ал математика бойынша 76 пайызды құрады. Бұл – еліміз бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Сондай-ақ, министр оқушылардың оқу жетістіктеріне пәндер және сыныптар бөлінісінде жүргізілген тереңдетілген талдау да білім сапасының оң динамикасын көрсететінін айтып, көрсеткіштер Павлодар облысының әрбір білім беру ұйымында, оның ішінде ауыл мектептерінде де байқалатынын атап өтті. 

– Бұл – ең алдымен, күн сайын аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарымыздың еңбегінің нәтижесі. Сондықтан Павлодар облысының барлық педагогтеріне шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз бен кәсіби жауапкершіліктеріңіздің арқасында оқушыларымыздың білім сапасы артып, өңірдің білім беру жүйесі жоғары нәтижелер көрсетіп келеді, – деді ол. 

Жұлдыз Сүлейменова 2026-2027 жаңа оқу жылында Павлодар облысының білім беру жүйесінің алдында маңызды міндет тұрғанын да алға тартты. Ол – қол жеткізілген нәтижелерді сақтап қана қоймай, оларды жаңа, сапалы деңгейге көтеру. Осыған байланысты педагогтердің кәсіби дамуын қолдау, үздік педагогикалық тәжірибелерді тарату, мектепішілік әдістемелік жұмыстың тиімділігін арттыру және білім сапасын басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу ерекше маңызға ие.

Ол Павлодар облысы осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, білім сапасын арттыруда алдағы уақытта да жоғары нәтижелер көрсететініне сенім білдірді.

Бұдан бөлек, мектептегі білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша жүйелі жұмыс басталған. Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі тарапынан кешенді жоспар әзірленіп, ол Үкімет мүшелері тарапынан қолдау тауып, мақұлданды.

Бұл жобаның басты мақсаты – білім сапасындағы алшақтықты азайту. Атап айтқанда, қала мен ауыл мектептері, сондай-ақ шағын жинақты мектептер арасындағы білім беру мүмкіндіктеріндегі айырмашылықты қысқарту.

–  Қазіргі уақытта министрлік жасанды интеллектіні пайдалана отырып оқыту жүйесін кезең-кезеңімен енгізудің моделін қалыптастырды. Осы орайда ерекше атап өткім келеді: 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар облысының 10 шағын жинақты мектебінде пилоттық жоба іске қосылады. Біз бұл жобаны Павлодар облысында кездейсоқ бастап отырған жоқпыз. Өңірде 200-ге жуық шағын жинақты мектеп бар. Бұл мектептерде білім алып жатқан балаларымыздың сапалы білім алуына барлық қажетті жағдайды жасау – біздің ортақ міндетіміз, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі. 

Жобаға қатысатын мектептерде материалдық-техникалық база нығайтылып, интернет жылдамдығы арттырылады. Сонымен қатар, педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Бұдан бөлек, Жұлдыз Сүлейменова Павлодар облысы халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалардағы жетістіктерімен ерекшеленетін, білім саласында өзіндік орны қалыптасқан өңір екенін де атап өтті. 

– 2026 жылы өңір оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларда 311 медаль иеленді. Павлодар облысы екінші жыл қатарынан жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша еліміздегі үздік олимпиадалық команда атанған. Ал қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша Павлодар облысы екінші жыл қатарынан Гран-при иеленіп отыр, – деді министр. 

Оған қоса, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова жоғары білімге қолжетімділік пен мектеп түлектерінің дайындығына тоқталып, облыс бойынша жоғары көрсеткіштер байқалатынын атап өтті. 

– Мұны Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындылары да көрсетіп отыр. Биыл Павлодар облысы бойынша 5 214 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Оның 80 пайызы шекті деңгейді сәтті еңсерді. Бүгінде жоғары балл жинаған өңір түлектері еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының грант иегерлері атанып, студенттер қатарына қабылданып жатыр, – деді вице-министр. 

Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылы Қазақстанның орта білім беру жүйесі үшін халықаралық олимпиадалар мен білім додаларындағы жоғары нәтижелерімен ерекшеленді. Қазақстан оқушылары осы оқу жылында абсолютті рекорд орнатты. Атап айтқанда, 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, 159 медаль және 57 арнайы марапат иеленді.

Жылдың ең маңызды жетістіктерінің бірі – Колумбияда өткен 56-шы халықаралық физика олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының жоғары нәтижесі. Олимпиадаға елімізден бес оқушы қатысып, олардың бесеуі де алтын медаль иеленді.