Павлодар футболы үшін тарихи оқиға орын алды
Төрт жылдық үзілістен соң Қазақстанның бес дүркін чемпиондары бірінші матчын өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Санаулы минуттар бұрын «Ертіс» Шымкентте «Түркістанға» қарсы ойнады. Тарихи матчқа павлодарлықтар келесідей құрамда алаңға шықты: Носков, Төлеуов, Воменко, Крюков, Попов, Күлжанов, Ержанов, Ыскақов, Әбдуәлиев, Байжанов. Кездесу 0:0 есебімен аяқталды.
«Ертістің» қарсыласы Бірінші лигада ойнайды. Былтырғы біріншілікте «Түркістан» турнир кестесінің оныншы орнында тұрақтады.
Келесі матчты «Ертіс» 21 ақпанда шымкенттік «Ордабасының» жастар құрамына қарсы өткізеді. Команданың екінші оқу-жаттығу жиыны 29 ақпанға дейін жалғасып, осы уақыт ішінде павлодарлықтар барлығы төрт кездесу өткізеді.
Естеріңізде болса, осыған дейінгі соңғы матчты «Ертіс» 2020 жылдың 14 наурызында ойнаған болатын. Сол кезде Премьер-лиганың екінші туры аясында Павлодарда «Ертіс» петропавлдық «Қызылжарды» қабылдаған еді. Матч 1:1 есебімен аяқталып, павлодарлықтар тарапынан голды Карлос Фонсека соққан.